Оқушылар емтихандар мен сынақтардан босатылады
Су тасқынынан аса зардап шеккен өңірлердегі оқушылар емтихандар мен сынақтардан босатылады. Бұл туралы Республикалық ақпараттық штабының брифингінде министрліктің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша су тасқынынан аса зардап шеккен өңірлердегі оқушылар емтихандар мен сынақтардан босатылды. Атап айтқанда, Атырау мен Ақтөбе облысындағы оқушылар үшін БЖБ мен ТЖБ алынып тасталды, - деді ведомствоның ресми өкілі.
Мереке Амангелдіқызы берген мәліметке сәйкес, білім алушылардың білім жетістіктері мониторингінен Атырау (18), Ақтөбе (6), Қостанай (2) және Батыс Қазақстан (2) облыстарынан 28 мектеп босатылды. Алты өңірде мониторинг 15 сәуірден 22 сәуірге ауыстырылды (Ақмола, Атырау, Ақтөбе, СҚО, Қостанай және БҚО). Қалған өңірлерде оқу штаттық режимде жүргізіліп жатыр.
Тағы бір мәрте әрбір ұстазға және білім саласының қызметкеріне алғыс білдіреміз. Бүгінде 26 мыңнан астам білім беру қызметкері су тасқыны шараларына ерікті ретінде қатысып, оның ішінде 11 мыңы эвакуациялық пункттерде жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ қайырымдылық акциясына жекеменшік білім беру ұйымдары да қосылды. Олар зардап шеккен әріптестеріне көмекке 12 млн теңгеден астам қаржы жинады, - деді ол брифингте.
Бұған дейін су тасқыны салдарынан баспанасыз қалған мұғалімдер биыл аттестациядан өтпейтінін хабарладық.