Қазақстандық оқушылар Чжэнчжоудағы шаолинь мектебіне барды

Чжэнчжоу, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстандық оқушылар 10 мыңнан астам бала білім алатын жауынгерлік мектеп пен шаолинь монастырына барды. 

Монастырь тарихы туралы қысқаша айтар болсақ...


Шаолинь – будда монастыры. Қытайдың орталық бөлігіндегі Суншань тауында орналасқан. Таудың етегінде орналасқан рухани орынға келіп жатқан адамның қарасы қалың. Әр храмның ішіндегі буддаға сыйынып, шырақ жағып жатқандар көп.

Бұл жерде V ғасырдың басында даос монастыры болған. Кейін даосизм ығыстырылғаннан кейін орнына буддалықтар келеді. 


495 жылы император Сяо Вэнь-дидің қолдауымен үнділік будда монахы Бхадра салған. 530 жылы монастырда алғашқы патриархат буддизм чані Бодхидхарма тұрған. Сол үнділік монах Бодхидхарма Шаолинь монахтарына әдісін тапсырады. Кейін ол әдіс олардың буддалық практикасының бағытын өзгертеді. Сонымен бірге, олар медитация жасау мен денсаулықты сақтау әдістерін жетілдірген.


Қазақстандық оқушылар монастырдан кейін балаларға арналған шаолинь мәдениеті мен жауынгерлік өнерін үйрететін мектепке барды. Осы мектепте 3 жылдан бері білім алып жүрген бала шаолинь жауынгерлік өнерін меңгеру қиын емес дегенді айтты.


«Мен Хунань провинциясының Юньнань қаласынан боламын. Шаолинь мектебіне келгеніме 3 жыл болды. Осы уақыт ішінде қамшы, қарумен және қарусыз шаолинь жұдырығының соққыларын үйрендім. Жауынгерлік жаттығулары қиын емес. Түске дейін жалпы білім беретін пәндерді оқимын, түстен кейін кунг-фу әдістерін меңгеремін. Мектеп бітірген соң өз болашағымды осы өнермен байланыстырамын», - деді Xutao


Мұнда 10 мыңнан астам бала оқиды. Әр топта 40-50 оқушыдан. Шаолинь мектебіндегі жауынгерліктің қыр-сырын меңгеріп жүрген балалар арнайы қойылым қойды. 

Қойылым біткен соң сыртқа шыққанда қызыл жейде киген балаларды көріп, біраз абдырап қалдық. Қазақстандық балалар да эмоциясын жасырмады.

Нұр-Сұлтан қаласының №50 орта мектебінің 10-сынып оқушысы Орынов Әлішер әсерімен бөлісті.

«Жаңа өзімізбен қатар я болмаса бізден де кіші жастағы балалардың шоуын көрдік. Өте тамаша болды. Әсіресе, бір баланы қылыштың ұшына тұрғызғанда «қорқынышты» болды. Ал, сыртқа шығып тұрып, мұнша баланы көргенде тағы «шок» болдым. Себебі, алдымыздан шығып жүріп келе жатқанда бітпейтіндей көрінді. Әрине, балалар тәртіпке үйреніп, рухы мықты болады», - деді қазақстандық оқушы.


Жалғасы бар...

Бұған дейін қазақстандық делегация Чэнду қаласындағы таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін білім беретін халықаралық мектеп – ақылы білім ордасына барған болатын. Мектеп басшысының айтуынша, балалар 400 пәнді оқып, осындағы жатақханада қалады.



Қазақстандағы Қытай елшілігінің ұйымдастыруымен бір топ оқушы ұстаздарымен еліміздегі «Жастар жылы» аясында Қытай турында жүр. Үрімші арқылы ұшқан делегация Шеньжень, Чэнду, Ченьчжоу және Бейжің қалаларын аралайды. Жас буын дамыған қалалардың жетістігін көріп, тарихы және мәдениетімен танысады. 3 мұғалім және 24 баланың саяхаты туралы ақпарат тарату мақсатында елшілік арнайы BAQ.KZ тілшісін шақырды.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы