Оқушылар арасында айтыс: Шымкенттік бала бас жүлде алды

Астанада тұңғыш рет «Егемендігім – елдігім!» атты республикалық «Қола домбыра» оқушылар айтысы өтті. Іс-шара Оқу-ағарту министрлігі Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағымен бірлесіп «El Umiti» корпоративтік қорының демеушілігімен «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Айтысқа жалпы білім беретін мектеп оқушылары қатысты.

Жоба жетекшісі, айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазының айтуынша, шараның мақсаты – Егемен еліміз жеткен жетістіктерді насихаттау, мектеп қабырғасындағы жас ақындардың ішкі мүмкіндігін ашып, шабытына қанат бітіру. Айтыскерлер арасынан жаңа есімдер тауып, дарынды жастарды қолдау.

Алғаш рет ұйымдастырылған дүбірлі додаға республика бойынша 22 ақын қатысып, айтыстың алғашқы күні 11 жұп болып бақ сынасты. Суырып-салма өнерді қолдау үшін Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы Аманжол Әлтаев арнайы ат басын бұрып, жас өрендерге сәттілік тіледі.

Ережеге сәйкес 22 ақыннан іріктелген 8 жұп келесі кезеңге өтіп, ақтық сында шымкенттік Ислам Әли Біржанұлы мен маңғыстаулық Байжігіт Бейбіт түрлі әлеуметтік тақырыптарды қозғай отырып, аламан айтысты жандыра түсті.

Орақ ауызды кіл жүйріктердің сайысына айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Еркебұлан Қайназаров, айтыскер ақын Иран-Ғайып Күзембаев пен Өміржан Көпбосын, «Еl umiti» қорының Медиа бастамаларды жүзеге асыру орталық басшысы Азамат Оңайбаев, Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазылар алқасының төрағасы Ринат Зайытов төрелік жасап, шын жүйріктердің өнеріне әділ бағасын берді.

Барлық қатысушыға Алғыс хат және қаржылай сыйлық, ақындардың тәлімгер-ұстаздарына Оқу-ағарту министрінің Алғыс хаты табысталды.

Айтыстың қорытындысы бойынша:

Бас жүлде (500 мың теңге) және “Қола” домбыра – Ислам Әли Біржанұлы, (Шымкент қаласы);

I орын (500 мың теңге) – Бейбіт Байжігіт, (Маңғыстау облысы);

ІІ орын (300 мың теңге) – Арай Нұрадин, (Ақтөбе облысы), Айғаным Мақсұтханова (Астана қаласы);

ІІІ орын (150 мың теңге) – Рауан Нұршабеков (Алматы облысы), Нұрислам Рогатов (Қостанай облысы), Ерасыл Сейітжанұлы (Алматы қаласы).

Қанша Раисова атындағы арнайы жүлде (100 мың теңге) – Інжу Жаңабай (Жамбыл облысы), Есенқұл Жақыпбек атындағы арнайы жүлде (100 мың теңге) - Абылай Қаратұлы (Астана қаласы), Нартай Бекежанов атындағы арнайы жүлде (100 мың теңге) – Марсель Ерсайынов (Атырау облысы), Аманат партиясының арнайы жүлдесі (Планшет) – Нұрахмет Мансұр (Қызылорда облысы), «El umiti» корпоративтік қорының арнайы жүлдесі (100 мың теңге) – Толғанай Шалқарқызы (Абай облысы), Нұртөре Мықтыбай (Түркістан облысы), Айбарыс Сауытқан (Алматы қаласы).

Одан бөлек халықтың ыстық ықыласына бөленген қатысушы ақындарға «El umiti» қорының арнайы жүлдесі (50 мың теңге) мен сыйлықтары табысталды.

Айтыскерлерді марапаттау салтанатында сөз алған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбаев мектеп оқушылары арасында өтетін бұл айтыстың ауқымын алдағы жылы кеңейте түсетінін айтса, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов республикалық «Қола домбыра» оқушылар айтысының жыл сайынғы жеңімпазы ЕҰУ-ға тегін қабылданатынын жеткізді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы