"Оқушыдан оқушыға". Павлодарда әлеуметтік жобалар табысты жүзеге асырылуда
Ертіс өңірінде ата-ана қамқорлығынан айырылған және жетім балаларға қолдау көрсету мақсатында әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Жобаларға балалар үйлерінің әлеуметтік серіктестері зор үлес қосып келеді. Мәселен, «Тәлімгерлер» жобасы шеңберінде аймақта 44 жұп балаларды тәлімгерлікке алып, ондаған жеткіншекке қамқор болуда. Мамандардың айтуынша, әлеуметтік серіктестердің жұмысы көп жағдайда тәлімгерлікке ұласып кетеді.
Табысты іске асырылып жатқан жобалардың қатарында «Оқушыдан оқушыға» бар. Облыс орталығындағы «Жас дарын» мамандандырылған мектеп – лицейі әлеуметтік серіктес ретінде Кенжекөл ауылындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылымен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.
Мақсатымыз - мектеп оқушылары арасында мейірімділік, жауапкершілік қасиеттері және өзгелерге жанашырлықпен қарау сияқты адами қасиеттерді дамыту. Құжат аясында лицейдің жоғары сынып оқушылары балалар ауылының тәрбиеленушілерімен кездесіп, консультациялық сабақтарын өткізеді. Нақтырақ айтқанда, қазақ тілі, математика, биология, қазақстан тарихы ағылшын тілі пәндеріне басымдық беріледі. Мәселен, дәріс алған 10-нан астам тәрбиеленуші дарынды балаларға арналған мектептердегі іріктеу конкурстарынан жоғары ұпайлар жинап, оқуға түскен». Яғни, сабақтар нәтижесін беруде, - дейді облыстық білім беру басқармасының өкілдері.
Үш жыл бұрын басталған жоба аясында алғашқы кездері бірнеше оқушы қатысқан. Қазіргі уақытта саны айтарлықтай артты. Бүгінгі таңда лицейдің 24 оқушысы 27 балаға көмектесуде.
Айта кетейік, өңірде 995 бала қамқоршылыққа алынса, 68 бала патронаттық тәрбиеде.