Оқушыдан депутатқа дейін: Республика күні сіз үшін қандай мереке?
25 қазан – Республика күні. Бұл күн – қазақ халқының мемлекет ретінде тәуелсіздігіне бастау болған тарихи сәтті еске алу, елдің бірлігі мен егемендігін қадірлеу күні. Республика күні – әрбір қазақстандықтың жүрегінде мақтаныш пен отаншылдық сезімін оятатын ерекше мереке.
BAQ.KZ тілшісі отандастарымыздан Республика күнінің маңызын және бұл күнді қалай атап өтетінін сұрады.
Жәудір Адырбекова – екі баланың анасы
Республика күні – әр қазақстандықтың жүрегінде ерекше орын алатын күн. Бұл тек мемлекеттік мереке емес, тәуелсіз еліміздің берік іргесін, бейбіт өміріміздің қадірін сезінетін сәт.
Мен – үйде кішкентай сәбиіммен декреттік демалыста отырған анамын. Ана болған соң, еліміздің болашағы туралы бұрынғыдан да көп ойланасың екен. Себебі біздің балаларымыз – ертеңгі елдің иесі, тәуелсіздігіміздің жалғасы. Сол кішкентай бөбегіміздің тыныш ұйықтап, бейбіт аспан астында еркін өсіп келе жатқаны еліміздегі тұрақтылық пен татулықтың жемісі деп білемін.
Республика күні маған үміт пен сенім сыйлайды. Себебі біздің елде анаға, балаға, отбасына деген құрмет ерекше. Бұл – мемлекетіміздің болашаққа бағытталған ең үлкен байлығы. Әр баланың күлкісі – ел ертеңінің жарқын көрінісі. Ал біз, аналар, сол болашақтың іргетасын отбасыдан бастап қалаушылармыз.
Барша отандастарымды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Балаларымыз бейбіт аспан астында білімді, қайратты, еліне адал азамат болып өссін. Қазақстанымыздың көк байрағы биікте желбірей берсін!
Кәусар Асан – 8-сынып оқушысы
25 қазан – Республика күні – Қазақстанның маңызды мемлекеттік мерекелерінің бірі. Бұл күн еліміздің тәуелсіз, дербес мемлекет болып қалыптасуына жол ашқан тарихи сәтті еске алу үшін аталып өтеді. Республика күні – бірлік пен елдіктің, тәуелсіздікке деген құрмет пен сүйіспеншіліктің нышаны.
Бұл күні қаламыздың басты көшелері мен алаңдары түрлі жалаушалармен, безендірулермен әсемделеді. Әр жерде мәдени іс-шаралар, концерттер мен көрмелер ұйымдастырылады. Мектептерде тәрбие сағаттары мен конференциялар өткізіліп, осы мерекенің мәні мен маңызы кеңінен түсіндіріледі. Мемлекеттік Ту көтеріліп, патриоттық әндер шырқалады.
Мен де өз мектебімде өтетін іс-шараларға белсене қатысып, елімізге деген сүйіспеншілігімді көрсетемін. Республика күні – мен үшін Отанымды, оның тарихын, жетістіктерін мақтан тұтатын, елімнің болашағына сеніммен қарайтын ерекше мереке.
Нұрлан Бекназаров – Сенат депутаты
Республика күнінің тарихи мәні терең және құқықтық маңызы зор. Өйткені Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануымен қазіргі Қазақстан мемлекеті мен ұлттық заңнама жүйесінің қалыптасуы басталды. Құқықтық мәдениетті нығайту және демократиялық институттарды дамыту - әділ және орнықты мемлекет құрудың маңызды шарттары.
Республика күні – бұл тарихқа құрмет қана емес, әрқайсымызға Тәуелсіздіктің, заңның үстемдігі мен азаматтық жауапкершіліктің құндылығын еске салу. Мемлекеттік егемендік туралы декларацияда бекітілген қағидаттар бүгінде мемлекетіміздің берік құқықтық іргетасы және әділетті Қазақстанға апаратын жолдың бағдары.
Назгүл Қажкен – мұғалім
Мен үшін Республика күні – тәуелсіздіктің бастауы, ел тарихындағы ең маңызды күндердің бірі. Бұл күн – халқымыздың азаттыққа деген ұмтылысының, ерік-жігері мен бірлігінің символы.
Мен еліммен бірге өсіп, оның дамуы мен жетістіктеріне куә болып келемін. Қазір мектепте физика пәнінің мұғалімі болып қызмет етемін. Бүгінгі ұрпаққа еліміздің егемендігінің қадірін, ана тіліміздің маңызын түсіндіру – менің ұстаз ретіндегі басты борыштарымның бірі деп білемін.
Физика сабағында біз табиғаттың заңдарын зерттесек, Республика күні бізге елдің заңы мен бірлікті құрметтеуді, Отан алдындағы жауапкершілікті ұғындырады. Бұл мереке жас ұрпақтың бойында отаншылдық сезімді, ұлттық сана мен рухты қалыптастырады.
Мен өзімді қазақ тілінің жанашыры санаймын. Себебі әр ұлттың күші – оның тілінде, тарихында және білімінде. Республика күні – мен үшін мереке ғана емес, ол – мақтаныш пен келешекке деген сенім күні.
Дәулет Мұқаев – Мәжіліс депутаты
Республика күні – мен үшін егемендіктің бастауы, еліміздің жаңа дәуірге қадам басқан тарихи күні. 1990 жылы қабылданған Егемендік декларациясы қазақ халқының тәуелсіз мемлекет болуға деген нық қадамының көрінісі болды. Биыл, міне, сол маңызды тарихи оқиғаға 35 жыл толғалы отыр. Бұл – баршамыз үшін мақтанышқа толы мереке.
Біздің отбасымызда Республика күнін атап өтудің өз дәстүрі қалыптасқан. Әр жылы осы күні үйімізге мемлекеттік Ту іліп, балаларымызға оның маңызын түсіндіреміз. Таңертең бәріміз бірге Әнұранды тыңдап, күнді мерекелік көңіл-күймен бастаймыз. Бұл дәстүр арқылы мен өз балаларымның бойында отаншылдық сезімді, мемлекетке деген құрметті қалыптастырғым келеді.
Республика күні – тек демалыс немесе мерекелік күн емес. Бұл – ел мен ұлт тағдыры туралы ойланатын, тәуелсіздіктің қадірін сезінетін күн. Мен үнемі айтып жүремін: отаншылдық пен патриоттық сезім тек мереке күндері ғана емес, әрбір қазақстандықтың жүрегінде, күнделікті ісінде болуы керек.