Оқушы жүктілігі: Бас ұстаз мұғалімдерді жазғыра бермеуге шақырды

Оқушының жүктілігі үшін мұғалімдерді жауапқа тарту қаншалықты дұрыс? Бұл сұраққа Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәселенің анық-қанығын толыққанды біліп алмай, шешім қабылдау дұрыс емес деп есептеймін. Әрине, бүгінде педагогтеріміз өзінің міндетін атқаруда қалыс қалып жатқан жоқ. Балалардың білімі мен тәрбиесінде мұғалімдеріміз үлкен еңбек сіңіріп жатыр. Оның нәтижелерін дүниежүзілік олимпиадалардан да көріп жатырсыздар. Десе де мұғалімдер жауапкершілігін пайдаланып, кей кездері басқа да мәселелерді мұғалімдерге жүктегіміз келеді. Меніңше, педагог қауымына өте үлкен құрметпен қарауымыз керек, - деді министр.

Ғани Бейсембаев алдымен мәселенің анық-қанығын анықтап алу керегін ескертті.

Мәселенің анық-қанығына жетпей, ұстаздарды жазғыра беруден бас тартуымыз керек. Бұл дұрыс үрдіс емес. Былтыр Павлодарда болған жағдайда да мектепте емес, мектептен тыс болған оқиғаға қатысты әкімдіктің директорға қолданған шарасын шұғыл қайтаруды талап еткен едім. Осылайша директор да, мұғалім де жұмысына оралған болатын. Қазіргі Қызылордадағы жағдайда да анығын білмей жатып, мұғалімдерге, мектеп басшысына қатысты тиісті шешім қабылдауды дұрыс үрдіс деп есептемеймін. Ұстаз сыйлаған қоғамбыз. Сол себепті мұғалімдерге үлкен құрметпен қарауымыз керек, - деп түсіндірді министр.

Оның сөзінше, егер жазасы нақты анықталса, онда заң алдында бәрі бірдей жауап береді.

Еске салсақ, шілде айының соңында Павлодар облысында 12 жастағы оқушының босанғаны белгілі болды. Кейіннен қыздың ата-анасы оның жүкті екенін білмегені анықталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы