Елордалық оқушыларға қалдықты бөлек жинау туралы сабақтар өткізіледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «мектептер мен жоғары оқу орындарында жас ұрпақты экологиялық тәрбиелеуге тиісті көңіл бөлу қажеттілігі туралы» тапсырмасын орындау аясында Нұр-Сұлтан қаласының мектептерінде экологиялық марафон басталды.
Бұл туралы ӨКМ Операторы баспасөз қызметі хабарлады.Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы мен ӨКМ Операторының бастамасымен қолға алынған жоба Нұр-Сұлтан қаласының білімді жаңғырту орталығы, «Clean city NC» қоқыс шығарушы компаниясы мен «Жас Ұлан» РҚБ еріктілері тарапынан қолдау тапты.
Бір ай ішінде бастауыш сынып оқушыларға қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау тақырыбында экологиялық сабақтар ұйымдастырылады. Оқыту үрдісі ойын түрінде және онлайн-форматта өткізіледі. Оны экологиялық қозғалыс көшбасшылары жүргізеді.
Эко-сабақтарда балаларға экологиялық мәдениеттің негіздері, өңдеуге жарамды қалдықтарды үйден сұрыптау, қоршаған ортаны ластамауға үйретеді. Сыныпта қалдықты қайта өңдеуді көрсететін бес минуттық ойын түріндегі сабақтар мен анимациялық роликтер көрсетілді. Бүгінгі таңда эко-сабаққа 1-4 сынып аралығында 1500-ге жуық оқушы қатысты, - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, экологиялық марафон аясында елордалық педагогтарға арналған эко-белсенділер тренингтері басталады. Менторлардың міндеті – мұғалімдерге экология және қоқысты бөлек жинау туралы сапалы контент беру. Жобада аясында «ЭкоАсар» тәжірибелік блок-акциясы қарастырылған.
Елорда мектептері макулатура, пластик бөтелкелер мен алюминий банкаларды қайта өңдеуге жинауды жариялайды. Қайта өңдеуге жарамды шикізаттан түскен қаражат аз қамтылған отбасылардың балаларына ноутбук сатып алуға жұмсалады. Қайырымдылық шарасы 11 қыркүйек пен 11 қазан аралығында өткізіледі.
ӨКМ Операторы экологиялық білім деңгейін арттыруға көп көңіл бөледі. Бұл жұмыста компания халықаралық және қоғамдық ұйымдармен ынтымақтастық орнатқан. ӨКМ Операторының қолдауымен «Менің эко-мектебім» Білім беру жобасы, «Қайта Өңдеуге» акциясы, «Ерлік сандығы» қайырымдылық жобасы іске қосылды. «Утиль от А до Я» жобасы аясында қалдық өңдейтін кәсіпорындарға экскурсиялар ұйымдастырылды. Қашықтықтан оқыту кезеңінде оператордың қолдауымен 28 вебинар өткізілді. Оған 4 500-ден астам адам (педагогтар, балалар және ата-аналар) қатысты. Сондай-ақ, «Эко-трак» жобасында пластикалық қалдықтарды өңдеу бойынша мобильді зауытты іске қосу және интеграцияланған эко-сабақтар үшін модуль әзірлеу қаржыландырылды.