Оқушы пышақ жарақатын алды: Министрлік мәлімдеме жасады

БҚО-дағы оқиға бойынша Балалардың құқықтарын қорғау комитеті түсініктеме берді. Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова Батыс Қазақстан облысында болған оқиғаға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Комитет төрағасының мәліметінше, зардап шеккен оқушыға қажетті медициналық көмек көрсетілді, оның жағдайы тұрақты. Оқиға орнында облыстық білім басқармасының мобильді тобы жұмыс істеуде. Топ құрамында өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл де бар. Мектеп әкімшілігімен, ата-аналармен және оқушылармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазіргі таңда аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабының 3-бөлігі («Бұзақылық») бойынша іс қозғалды. Қол жұмсаған жасөспірім ұсталып, материалдар кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға жолданған.

Барлық тарапқа облыстық психологиялық-әдістемелік орталық мамандары психологиялық көмек көрсетіп жатыр. Ертең мектепте ата-аналар жиналысы мен сынып сағаттары өтеді.

Сонымен қатар білім ордасында психологиялық ахуалды бағалау жүргізіледі. Мектеп әкімшілігінің іс-әрекетіне немесе әрекетсіздігіне құқықтық және басқарушылық баға беріледі.

Бұл жай ғана тұрмыстық кикілжің емес, екі жасөспірімнің тағдырына әсер еткен ауыр оқиға әрі заң алдындағы жауапкершілік. Мұндай жағдайлар – ата-аналарға да, ұстаздарға да, жалпы қоғамға да үлкен ескерту. Эмоцияға ерік беріп, өз-өзіне ие бола алмау орны толмас қайғыға ұласуы мүмкін, – деді Насымжан Оспанова.

Комитет төрағасы баланың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне, мектептегі моральдық және психологиялық ортаға жауапкершілік баршаға ортақ екенін атап өтті.

Бұл жауапкершіліктен ешкім, соның ішінде лауазымды тұлғалар да бойын аулақ сала алмайды. Баланың тағдыры – ұлттың тағдыры. Әрбір бала өзін қауіпсіз әрі құрметке ие сезінетін орта қалыптастыру – бәріміздің қасиетті борышымыз, – деді ол.

Бұған дейін Орал қаласында жалпы білім беретін орта мектептердің бірінде екі жоғары сынып оқушысы арасында оқыс оқиға болды. Полицияның мәліметінше, оқушылардың бірінің аяғы жарақатталған.

Еске салайық, бұған дейін Қызылордада оқушыны ұрып-соққан жағдай тергеліп жатқанын хабарладық. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы