24 Қараша 2026, 07:30 Фото: gov.kz

Оқудан айнып қалсаңыз, Қазақстанда онлайн-курсқа төлеген ақшаны қайтара аласыз ба?

Қазақстанда онлайн-курс сатып алғанда қиындыққа тап болатындар көбейіп келеді. Бірі сабақтың жарнамада айтылғанға сай келмейтініне шағымданса, енді бірі оқудан айнып, ақшасын қайтарғысы келеді. Мұндайда ұйымдастырушылар көбіне шарт талаптарын немесе сабақтарға кіру мүмкіндігі ашылғанын алға тартып, ақшаны қайтарудан бас тартады. Сатып алушы қандай жағдайда ақшасын қайтаруды талап ете алады? Онлайн-мектеп ақшаны қайтармаса, не істеу керек? Бұл туралы BAQ.KZ тілшісі Астана қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Айдар Советбековтен сұрап білді.

Курс ұнамаса, ақшаны қайтаруға бола ма?

Адвокаттың айтуынша, заң тұрғысынан онлайн-оқыту ақылы қызметке жатады. Сондықтан оған Азаматтық кодекстің нормалары, ал курсты жеке қажеті үшін сатып алған адамға «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң да қолданылады.

Ақшаны қайтаруға әртүрлі жағдай негіз бола алады.

Ұйымдастырушы уәде еткен шарттарды орындамаса, сатып алушы ақшаны толық қайтаруды немесе қызмет құнын көрсетілген қызмет көлеміне сай төмендетуді талап ете алады. Ал адам оқудан айнып қалса да, курстан бас тартуға құқылы. Бірақ мұндайда орындаушы өзі нақты жұмсаған шығынды ұстап қала алады, – деп түсіндірді Айдар Советбеков.

Мысалы, онлайн-мектеп 40 сабақ өткізуге уәде беріп, оның 15-ін ғана өткізсе немесе тікелей эфирдегі сабақтардың орнына ескі бейнежазбаларды ұсынса, бұл қызметтің тиісті деңгейде көрсетілмегенін аңғартуы мүмкін.

Ал бағдарлама жарнамада айтылғанға толық сай болғанымен, сатып алушыға оқытушы ұнамауы немесе оқу материалы тым жеңіл көрінуі мүмкін. Мұндай жағдайда оқыту сапасының төмен екенін дәлелдеу қиынырақ.

Дегенмен сатып алушының ақшасын қайтаруға мүмкіндігі бар.

ҚР Азаматтық кодексінің 686-бабына сәйкес, тапсырыс беруші орындаушының нақты жұмсаған шығындарын өтеген жағдайда ақылы қызмет көрсету шартынан бас тартуға құқылы.

«Сабақтарға кіру мүмкіндігі ашылды, ақшаны қайтармаймыз». Бұл заңды ма?

Онлайн-мектептер жария офертада оқу платформасына кіру мүмкіндігі ашылғаннан кейін төленген қаражат қайтарылмайтынын жиі көрсетеді.

Адвокаттың айтуынша, мұндай талаптың болуы тұтынушыны оқудан бас тарту құқығынан айырмайды.

Сатып алушы «Төлеу» батырмасын басу арқылы офертаны қабылдайды. Алайда ол заңда көзделген құқықтарынан бас тартпайды. «Төленген ақша ешбір жағдайда қайтарылмайды» деген шарт тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнама талаптарына қайшы келеді, – деді Советбеков.

Оның сөзінше, платформаға кіру мүмкіндігі ашылғанымен, қызмет толық көрсетілмеуі мүмкін. Өйткені курсқа бейнесабақтармен қатар үй тапсырмасын тексеру, кеңес беру, кері байланыс және оқытушының оқу барысында бағыт-бағдар беруі де кіруі ықтимал.

Адвокат Батыс Қазақстан облысында сотта қаралған істі мысалға келтірді.

Өңір тұрғыны бір жылдық онлайн-курсты 389 990 теңгеге бөліп төлеуге сатып алған. Алайда уәде етілген авторлық материалдың орнына оған өзге платформалардағы тегін материалдардың сілтемелері берілген. Сатып алушы бес күннен кейін ақшасын қайтаруды талап еткен.

Компания курсқа кіру мүмкіндігі ашылғанын алға тартып, ақшаны қайтарудан бас тартқан.

Адвокаттың мәліметінше, Орал қаласының №2 соты ұйымдастырушыны ақшаны толық қайтаруға міндеттеген. 2026 жылғы 17 маусымда апелляциялық саты сот шешімін өзгеріссіз қалдырған.

Өтпеген сабақтар үшін қанша ақшаны қайтаруға болады?

Қайтарылатын сома сатып алушының курстан не себепті бас тартқанына және қызметтің қандай бөлігі көрсетілгеніне байланысты.

Егер сатып алушы оқуды өз қалауымен тоқтатса, ұйымдастырушы нақты жұмсаған шығындарын ғана ұстап қалуға құқылы.

Мысалы, адам он модульден тұратын курсты 300 мың теңгеге сатып алып, оның үшеуін ғана аяқтады делік.

Егер ұйымдастырушы бұдан бөлек нақты шығын жұмсағанын дәлелдемесе, шамамен 210 мың теңге қайтарылуға тиіс. Шығындарды растау міндеті орындаушының өзіне жүктеледі, – деп түсіндірді адвокат.

Жарнамаға жұмсалған шығын, менеджерлерге берілген сыйақы немесе «орынды алдын ала брондау» ақысы сатып алушыға автоматты түрде жүктелмеуге тиіс.

Ал курс мазмұны уәде етілгеннен едәуір өзгеше болса немесе қызмет іс жүзінде көрсетілмесе, тұтынушы ақшаны толық қайтаруды талап ете алады.

Адвокат ақшаны қайтару мерзіміне қатысты жиі кездесетін жаңсақ түсінікке де тоқталды.

Сапасы тиісті кейбір тауарларды айырбастауға немесе қайтаруға берілетін 14 күндік мерзім онлайн-оқытуға автоматты түрде қолданылмайды. Заңда көзделген талаптарды ескере отырып, қызмет көрсету шартынан кейін де бас тартуға болады.

Жұмысқа орналастыруға уәде беріп, көмектеспесе ше?

Онлайн-курс сатып аларда жарнамадағы уәделерге назар аударған жөн.

Ұйымдастырушылар көбіне жұмысқа орналастыруға кепілдік беріп, жеке тәлімгер бекітуге немесе әр қатысушының тапсырмасын жеке тексеруге уәде етеді. Алайда төлем жасалғаннан кейін бұл қызметтердің бір бөлігі көрсетілмеуі мүмкін.

Айдар Советбековтің айтуынша, мұндай уәделер шартта көрсетілмесе де, жарнамада, әлеуметтік желілерде және менеджерлермен жазысқан хаттарда берілген ақпараттың құқықтық мәні болуы мүмкін.

Жарнама, сторис, курс сатуға арналған вебинардағы таныстырылым мен менеджердің хабарламалары – орындаушының өз қызметі туралы берген ақпараты. Егер адам курсты оқу барысында қолдау көрсетіледі деген уәдеге сеніп сатып алса, бірақ сол қолдауды алмаса, офертада мұндай тармақтың болмауы ұйымдастырушыны жауапкершіліктен босатпайды, – деп түсіндірді адвокат.

Мұндағы басты қиындық – уәдені дәлелдеу. Жарнамалық жарияланымдар өшірілуі мүмкін, ал сторис бір тәуліктен кейін жоғалады.

Сондықтан маман уәде берілген жарнаманың скриншоттарын, курс бағдарламасын және онлайн-мектеп өкілдерімен жазысқан хаттарды алдын ала сақтап қоюға кеңес береді.

Ақшаны қайтару үшін не істеу керек?

Ұйымдастырушы ақшаны қайтарудан бас тартса, алдымен жазбаша талап жолдау қажет.

Талапты шарт жасасқан заңды тұлғаға немесе жеке кәсіпкерге жіберу керек.

Онда курстың атауын, сатып алған күнді, төленген соманы, оқудан бас тарту себебін көрсетіп, ақшаны қайтару туралы талапты нақты жазған жөн.

Талапқа чек, шарт, жарнаманың скриншоттары, жазысқан хаттар мен өзге де дәлелдерді қоса берген дұрыс.

Ұйымдастырушы талапты алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде жазбаша жауап беруге міндетті. Талаппен келіспесе, бас тарту себебін негіздеуге тиіс, – деді Советбеков.

Жауап болмаса немесе сатушы ақшаны қайтарудан бас тартса, тұтынушы ҚР Сауда және интеграция министрлігінің аумақтық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгіне алады.

Өтінішті e-tutynushy.kz жүйесі арқылы да беруге болады.

Адвокаттың айтуынша, дауды сотқа дейінгі тәртіппен шешу мүмкін болмаса, сатып алушы сотқа жүгінуге құқылы.

Курсты бөліп төлеуге сатып алсаңыз, не істеу керек?

Оқу ақысын банк арқылы бөліп төлеуге немесе несиеге рәсімдегенде қосымша қиындықтар туындайды.

Адвокаттың ескертуінше, онлайн-курстан бас тартқан адамның банк алдындағы міндеттемелері автоматты түрде тоқтамайды.

Бұл жерде екі бөлек шарт бар. Бірі – ұйымдастырушымен жасалған оқыту шарты, екіншісі – банкпен жасалған қарыз шарты. Ақшаны қайтару мәселесі шешілгенше төлемді уақытында жасау қажет. Әйтпесе төлем мерзімі өтіп, несие тарихына кері әсер етуі мүмкін, – деді ол.

Ақшаны қайтару туралы келісімге келген соң, қаражаттың банкке түскенін және несиенің жабылғанын немесе қарыз сомасының қайта есептелгенін тексеру қажет.

Егер шарттың бұзылуына онлайн-мектептің өз міндеттемелерін орындамауы себеп болса, тұтынушы осыған байланысты шеккен залалын, оның ішінде несие бойынша төлеген сыйақысын өтеуді талап ете алады.

Қандай жағдайда полицияға жүгінген жөн?

Көңілден шықпаған курстың бәрін алаяқтық деп бағалауға болмайды.

Егер сабақтар шынымен өтіп жатса, бірақ сапасы сатып алушының көңілінен шықпаса, мұндай жағдай әдетте азаматтық-құқықтық дау ретінде қаралады.

Ал ұйымдастырушының әуел бастан оқыту ниеті болмай, курсты тек ақша алу үшін пайдалануы – басқа жағдай.

Сатушының іс жүзінде жоқ компания атынан әрекет етуі, төлемді алған соң ізін суытуы, сатып алушыларды бұғаттауы немесе бір тәсілмен көп адамды алдауы алаяқтықтың белгісі болуы мүмкін, – деп түсіндірді Советбеков.

Осындай белгілер болса, адвокат төлемді растайтын құжаттарды, жазысқан хаттарды және басқа да дәлелдерді қоса тіркеп, полицияға жүгінуге кеңес береді.

Онлайн-курс сатып алғанда ақшадан айырылып қалмау үшін не істеу керек?

Адвокат төлем жасамас бұрын курсты кім сататынын тексеріп, жария оферта талаптарын оқып, оқу бағдарламасын сақтап қоюға кеңес береді.

Сатып алушыны шешім қабылдауға асықтырса, жоғары табысқа кепілдік берсе немесе тез арада несие рәсімдеуді ұсынса, мұндай ұсынысқа сақтықпен қараған жөн.

Бағдарламаға қанша сабақ кіретінін, тікелей эфирде сабақ өте ме, тапсырмаларды кім тексереді және жұмысқа орналасуға нақты қандай көмек беріледі – осының бәрін алдын ала анықтап алған дұрыс.

Айдар Советбековтің айтуынша, сатушының ауызша уәдесіне ғана сүйенбеген жөн.

Курс күткеніңізге сай келмесе немесе оқудан айнып қалсаңыз, Қазақстан заңнамасы оқуды жалғастырудан бас тартып, нақты шарттың мән-жайына қарай ақшаны қайтаруды талап етуге мүмкіндік береді.