Оқу жылының соңына дейін мектептерге әдістемелік нұсқау хат жіберіледі – БҒМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында осы оқу жылының соңына дейін мектептерге әдістемелік нұсқау хат жіберілетіні туралы айтылды. 

Әдістемелік нұсқау хат дайындап жатырмыз. Бұған дейін сәуірден кешіктірмей мектептерге хатты жіберу бойынша тапсырма берген болатынмын. Өйткені мамыр айы жақындап қалды, жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары басталады. Сол себепті жыл сайын келесі оқу жылында болатын ерекшеліктер, өзгешеліктер бойынша әдістемелік нұсқау хатта беретінбіз, - деп айтты Асхат Аймағамбетов.

Аппарат жиналысында әдістемелік хатты әзірлеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайында Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Мадина Тыныбаева  баяндап берді.

Келесі оқу жылында оқыту тәртібі мен тәрбиелеу жұмысын ұйымдастыру бойынша нұсқау хат әзірленді. Бұл құжат осы оқу жылының соңына дейін мектептерге жеткізіледі, - дейді ол.

Сөзінше, әдістемелік нұсқау хат бірнеше маңызды талапты қамтиды. Атап айтқанда, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуда халқымыздың құндылықтары негізінде жаңа модельді енгізу, 1-сыныпқа келген балаларға алғашқы «Әліппені» оқыту, одан бөлек, 2-сыныптарда қазіргі заман талабына сай «Цифрлық сауаттылық» пәнін оқыту, Қазақ тілі пәнінде оқыту мен жазу бойынша ұсынымдар бар.

Сонымен қатар нұсқаулықта оқушылардың біліміндегі олқылықтардың орнын толықтыру, үлгерімі төмен оқушыларға қолдау көрсету, функционалдық сауаттылықтарын дамыту әдістемелері қамтылған. Хаттың мазмұны жаңа бөлімдермен толықтырылды. Академия нұсқау хаттың жобасын педагогтермен талқылау және таныстыру курстарын өткізу бойынша кең, ауқымды жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр, - деп атап өтті Мадина Тыныбаева.

Нұсқаулық академияның QR-коды көрсетілген кітапша түрінде басып шығарылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы