Оқу процесі хаосқа айналады: Аймағамбетов Павлодар мектептеріндегі жағдай туралы
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Павлодар мектептерінде сабақ ұзақтығының 5 минутқа қысқартылуына қатысты ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Павлодар облысының басшылары сабақтарды 30 минутқа дейін қысқартуды ойлап таппағанына шүкір! Мұндай логикамен енді жаңа мектептер салмай-ақ, төрт ауысымға көшіп, миллиардтаған қаражатты үнемдеуге болар еді. Шынын айтқанда, Павлодарда сабақтарды қысқарту көптеген сұрақ туғызады. Аймақтарда сабақтың ұзақтығын өздері шешіп, әкімдікке ыңғайлы кез келген жағдайда онлайн оқуға көшетін болса, оқу процесі мүлдем хаосқа айналады, - деді депутат.
Аймағамбетов сабақ уақытының қысқаруы білім сапасна әсер кері әсер етуі мүмкін екенін айтады.
Бағдарламалардың мазмұны, білім мақсаттары өзгермей қалай сабақты қысқартуға болады? Бұл білім сапасына және барлық оқушыларға сапалы білім алу үшін тең жағдай жасауға үлкен проблемалар тудыратыны анық. Қызық парадокс: бір жағынан, ел бойынша бірыңғай уақыт белдеуі енгізіліп жатыр, ал екінші жағынан әр облыс сабақтың ұзақтығын өзі шешеді. Бірізділік қайда? Ғылымға негізделген шешім қайда? – деп жазды депутат.
BAQ.KZ Павлодар облысы Білім басқармасының ресми мәлімдемесін күтеді.