Оқу-ағарту министрлігі Семейдегі оқиғаға қатысты пікір білдірді
Семейдегі қатарластарынан әлімжеттік көрген 6-сынып оқушысының кейсіне қатысты Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Соңғы күндері бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Семей қаласында жасөспірімдердің кәмелетке толмаған балаға күш көрсеткені түсірілген бейнежазба кеңінен таралуда. Бұл жағдайды одан әрі ушықтырмау және балаға қосымша моральдық зиян келтірмеу үшін аталған бейнематериалды таратуды тоқтатуға шақырамыз. Ерекше алаңдаушылық тудыратын жайт – кейбір блогерлер зардап шеккен баланың фотосуреттерін жариялауда. Мұндай әрекеттер баланың психологиялық жарақатын тереңдете түседі.
Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті аталған жағдайды алғашқы күннен бастап қатаң бақылауда ұстап отыр.
Кінәлілер жауапкершілікке тартылды. Оқиға орнында Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл жұмыс істеуде. Барлық кәмелетке толмаған азаматтардың құқықтары мемлекеттік деңгейде қорғалған және кепілдендірілген.
Еске саламыз, ҚР "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заңының 14-бабы, 5-тармағына сәйкес, зардап шеккен балалардың жеке басына қатысты және биометриялық деректерін, оның ішінде олардың фотосуреттері мен жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін кез келген ақпаратты таратуға тыйым салынады.
БАҚ өкілдеріне нені ескеруі қажет?
БАҚ өкілдері мен қоғамды баланың психологиялық жай-күйіне зиян келтіруі мүмкін материалдарды жариялаудан бас тартуға шақырамыз. Балалардың құқықтары әрдайым басты назарда болуы керек, ал ақпараттық ресурстар бұл құқықтарды қорғауға ықпал етуі қажет, керісінше, жағдайды күрделендірмеуге тиіс.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Семейде жасөспірімдер арасында орын алған жағдай әлеуметтік желіні шулатқаны туралы, жасөспірімдер арасындағы осы әрекетке байланысты материалдар әрі қарай қаралу үшін сотқа берілгендігі және оқушыны жабылып ұрған 3 баланың әке-шешесі ата-ана құқығынан айырылғандығы жайында жазған болатынбыз.