Оқу-ағарту министрлігі ата-аналарға үндеу жариялады

Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан қазақстандық ата-аналарға үндеу жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жолдас Батырхан жаз мезгілі басталғалы балалардың суға кетуі жиіліп кеткенін айтты. Көптеген жағдайда балалар жабдықталмаған, суға шомылуға тыйым салынған жерлерде қаза болып жатыр.

Судағы қауіпсіздіктің сақталмауының салдарынан жыл басынан бері 35 баладан айрылдық. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті перзенттеріміздің болашағы үшін үнемі сақтық шараларын ұмытпауларыңызды сұрайды, - деді министрлік өкілі үндеуінде.

Оқу-ағарту министрлігі мынадай ережелерді есте ұстауға шақырды:

  • балаларыңыздың су айдындарына жалғыз бармауларын қадағалаңыз, жағажайларда және су қоймаларында қараусыз қалдырмаңыз.
  • кәсіби құтқарушылар кезекшілік ететін арнайы жабдықталған және күзетілетін жағажайларда ғана бірге шомылыңыз.
  • су айдынында немесе бассейнде балалардың құтқару кеудешелерімен шомылуын, басқа да жүзу құралдарын пайдалануын қамтамасыз етіңіз.
  • балаларға бейтаныс жерлерде шомылудың, биіктен суға секірудің, тереңге бойлаудың және күшті ағыстардың өте қауіпті екендігін түсіндіріңіз.
  • бастысы балаңыздың бойында жүзу дағдыларын қалыптастырып, алғашқы жәрдем көрсету ережелерімен таныстырыңыз.

Бұл дағдылардың балалардың өз өмірлерін ғана емес, төтенше жағдай кезінде басқа жанның да өмірін сақтап қалуы әбден мүмкін.

Құрметті Ата-аналар! Кез келген қайғының алдын алуда сіздің жауапкершілігіңіз, балалардың қауіпсіздігіне қамқорлығыңыз бен көңіл бөлуіңіз шешуші рөл атқарады. Әр баланың қауіпсіздігін бірлесе қамтамасыз етейік, - деп айтты Жолдас Батырхан.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы