Оқу-ағарту министрі жаңа Конституцияға сай оқулықтар қашан жеткізілетінін айтты
Жаңа Конституцияға сай жаңартылған оқулықтар мектептерге қашан жеткізіледі? Министр нақты мерзімдер мен қай сыныптардан басталатынын айтты.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында жаңа Конституцияға сай мектеп оқулықтарының мазмұнын жаңарту жұмысы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, жаңа Конституцияны іске асырудағы негізгі бағыттардың бірі – білім мазмұнын жаңартумен қатар, оқулықтардың сапасын түбегейлі арттыру.
Жаңа Конституцияны іске асырудағы негізгі бағыттардың бірі – білім мазмұнын жаңартумен қатар, оқулықтардың сапасын түбегейлі арттыру. Сондықтан бүгінгі таңда Министрлік мектеп оқулықтарының мазмұнын жаңа Конституцияның қағидаттарына толық сәйкестендіру бойынша кешенді жұмысты жүргізуде. Сонымен қатар оқулықтардың тәрбиелік әлеуеті күшейтіліп, олардың мазмұнына құқықтық мәдениет, азаматтық жауапкершілік, еңбекқорлық, отансүйгіштік, экологиялық сана және ұлттық бірегейлік құндылықтары жүйелі түрде енгізілуде. Білім мазмұнының жаңаруымен қатар оқулықтарды әзірлеу және сараптау жүйесі де сапалық жаңа деңгейге көшуде. Жаңа Конституцияға сәйкес келетін оқулықтарды енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Оның сөзінше, биыл қайта басылып шығарылатын 3 және 7-сынып оқулықтары 30 тамызға дейін барлық білім беру ұйымдарына жеткізіледі.
Биыл қайта басылып шығарылатын 3 және 7-сынып оқулықтары ағымдағы жылдың 30 тамызына дейін барлық білім беру ұйымдарына жеткізіледі. 4 және 9-сыныптарға арналған жаңартылған оқулықтарды жеткізу 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін аяқталады. Ал 8-сыныптың барлық жаңа оқулықтары 2027 жылғы 1 сәуірге дейін мектептерге толық жеткізіледі. 9-сыныпқа арналған «Құқық негіздері» пәні оқулығының мазмұны жыл соңына дейін толық жаңартылып, жаңа оқулықтар 2027 жылдың басында мектептерге қамтамасыз етілетін болады. Осы жұмыстарды уақытылы жүзеге асыру мақсатында өңірлердің әкімдіктерімен, білім басқармаларымен және баспалармен тұрақты үйлестіру жүргізілуде, – дейді министр.
Жұлдыз Сүлейменова келесі кезеңде 1 және 5-сыныптарға арналған жаңа буын оқулықтары әзірленетінін айтты.
Келесі кезеңде 1 және 5-сыныптарға арналған жаңа буын оқулықтары әзірленеді. Сонымен қатар жоғары сыныптарға арналған оқулықтар толық жаңартылып, олардың мазмұны картографиялық, тарихи және әкімшілік-аумақтық деректердің өзектілігіне сәйкес қайта қаралады. Сонымен бірге Мемлекет басшысының «кітап оқитын және зерделі ұлт қалыптастыру» жалпыұлттық бастамасын іске асыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасады, – дейді ол.