Оқшаулау орнында «Отбасы кабинеті» ашылды
Павлодарлық полицейлер әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін уақытша қамауға алынған азаматтарға психологиялық көмек көрсете бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Мамандар, әсіресе, отбасылық зорлық-зомбылық оқиғалары үшін айыппұл арқалаған азаматтармен жұмыс істеуге басымдық берген. Қазіргі уақытта оқшаулау орнында 82 адам жатса, олардың 10-нан астамы – отбасында шу шығарғандар. Жанұя мүшелеріне зәбір көрсеткендер 15 күнге қамаққа алынған.
Павлодар қалалық полиция басқармасы жанындағы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Бақытжан Тұрсаринованың мәліметінше, бүгінгі күнге дейін 350 адамға әкімшілік айыппұл салынған.
«Отбасы кабинет» бұрын-соңды болмаған. Отбасылық кикілжіңдер үшін зардап шеккен және зәбір көрсеткен адамдарға психологиялық көмек көрсеткіміз келеді. Олармен жұмыс істеу үшін дағдарыс орталығының психологын жұмылдырдық. Бұл кабинетке ерлі-зайыптылар келе алады. Жалпы, жанұядағы жағымсыз оқиғалар ішімдікке салыну, жұмыссыздық салдарынан туындап отырады. Біздің тарапымыздар алдын алу жұмыстары күшейтілген, - дейді аға инспектор Бақытжан Тұрсаринова.
Қазіргі уақытта Павлодар қаласы бойынша 20 отбасы есепке алынған. Олар «жайсыз жанұялар» санатында. Мамандар тұрақты түрде барып, отбасының тіршілігімен танысып отырады. Рейдтік шаралар да тұрақты жүргізіліп келеді.
Психолог мамандардың айтуынша, отбасы ішіндегі құқықбұзушылықтарға әрдайым екі тарап кінәлі. Сондықтан, психологиялық көмек қос тарапқа көрсетілу қажет.