Оппозиция арасында бірін-бірі қаралау басым болып тұр – Расул Жұмалы

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Оппозициялық қанаттың өзін алып қарайтын болсақ олардан да бірауыздылықты байқамаймыз. Қайта бірін-бірі қаралау мәселесі белең алуда. Бұл оппозицияның бірауыздан дауыс шығара алмауының көрінісі. Бұл туралы саясаттанушы Расул Жұмалы Алматыда өткен дөңгелек үстелде айтты.

Саясаттанушының айтуынша, осы сайлаудан кейін саяси транзит аяқталмайды, бұл тек бастауы ғана. 

«Саяси дәстүрлердің орнығуы, өркениетті сайлау дәстүрлерінің қалыптасуы тұрғысынан бұл сайлаудың маңызы зор. Бұл тұрғыдан Қазақстан соңғы 25-30 жылда бірталай уақытты жіберіп алды. Біз осы өркениетті жолдың ең бастамасында тұрған жағдайымыз бар. Өзімізді Украинамен өкінішке қарай салыстыра алмаймыз. Олар қалай дегенмен 5-6 президентті өзгертіп барып, көптеген қиындықтан кейін осындай дәстүрге қол жеткізіп отыр. Деседе, алдағы сайлау жаңаша түрде өтеді. Бірінші президенттің өз өкілеттілігін тоқтатуы себепті жаңа бір толқынның, жаңа түсініктердің пайда болуы», - дейді ол

Сонымен қатар ол, қоғам мен саяси элита алда келе жатқан емтиханды қаншалықты пайдалана алады, бір-бірімен өркениетті диалог құра ала ма деген мәселе тұрғанын жеткізді. 

«Бір қуанарлығы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қоғам күткен мәселерді көтеріп жатыр. Яғни, тілге, қарапайымдылыққа, егемендікке қатысты өзінің ойларын ортаға салып жүр. Биліктің өзі қоғамдық ұйымдармен байланысқа шыға бастауы бұл жақсылықтың нышандары», - дейді ол. 

Саясаттанушы сөз арасында сайлауда жеңіске жеткен кандидат бұрынғыдай 95% емес, 60 немесе 70 пайыз төңірегінде дауыс жинауы мүмкін екендігін жеткізді.

«Ол бәлкім 60-70 бола ма, бірақ қалған 30-40 пайыз кімнің үлесіне тиеді? Әрине, бұл біздегі саяси ландшафтың өзгеруін білдіреді. Егер солай болып жатса ертеңгі күні Парламент сайлауында сол 30-40 пайызды электоратпен санасуға тура келеді», - дейді Расул Жұмалы. 

Сондай-ақ ол, қоғамның өзінде де біркелкі түсінік жоқ екенін, әлі де сенбеушілік басым болып тұрғанын айтты.

«Әлеуметтік желілерді, баспасөзді қарасаң «бұл сайлаулар түк шешпейді, элиталар бәрін шешіп қойған, біздің дауысымыз естілмейді» деген күмән басым. Әміржан Қосанов осы додаға түскеннен кейін саяси ландшафтың оянып келе жатқанын байқаймыз. Оның өзі де әлсін-әлсін білінеді. Бір мәмілеге келудің орнына топ-топқа бөліну осындай дайынсыздықтың көрінісі. Оппозициялық қанаттың өзін алып қарайтын болсақ олардан да бірауыздылықты байқамаймыз. Қайта бірін-бірі қаралау мәселесі белең алуда. Бұл оппозицияның бірауыздан дауыс шығара алмауының көрінісі. Демек, қоғамның өзі қазіргі өзгерген саяси ахуалға дайын емес», - дейді ол. 

Саясаттанушының айтуынша, сайлауға қысқа мерзім берілген, алайда оны да тиімді пайдалануға болады.

«Бұл сайлауға тым қысқа мерзімнің берілуі өкінішті-ақ, бірақ сол жағдайдың өзін БАҚ арқылы, қоғамға әсер ететін азаматардың өздерінің ойларын ортаға салу арқылы жақсы дәстүрлерді енгізуге болар еді. Қоғамдағы жастардың белсенділігін, саяси белсенділікті және қоғамдағы наразылықты осы сайлауға аударатын болса біз аңсаған саяси үрдістердің неғұрлым мәдениетті, өркениетті өтуі және демократиялық стандарттарға жақындауы тұрғысынан өте маңызды болар еді. Сондықтан бұл жерде жауапкершілікті тек қана элиталар мен оппозиция ғана емес қоғамның өзі де сезінуі керек», - дейді Расул Жұмалы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы