Операциядан кейін ішінде марлі қалып қойған: Қызылордалық науқас өтемақы өндіріп алды
Дәрігерлік қателік үшін қайтадан ота жасалды.
Қызылорда облысының тұрғыны хирургиялық ота кезінде денесінде марлі тампоны қалып қойғаннан кейін сот арқылы өтемақы өндіріп алды. Дәрігерлік қателіктің кесірінен ер адам өз қаражатына қайтадан ота жасатуға мәжбүр болған, деп хабарлайды BAQ.KZ Жоғарғы сотқа сілтеме жасап.
Сот анықтағандай, бастапқыда пациентке кистаны алып тастау бойынша ота жасалған. Отадан кейін ол ұзақ уақыт бойы қатты ауырсынуды сезініп, операциядан кейінгі жарасы жазылмаған.
Екі айдан кейін ер адам басқа медициналық мекемеге жүгініп, онда оған қайтадан ота жасалды. Хирургиялық араласу кезінде дәрігерлер алдыңғы ота жасалған аймақта қалып қойған марлі тампонды тауып, алып шыққан.
Бөгде заттың болуын ота хаттамасы, медициналық құжаттама, бейнежазба және пациент қайта емделген клиника өкілінің түсініктемелері растады.
Тексеру не көрсетті?
Сот сонымен қатар емдеуші дәрігердің бірінші отадан кейінгі асқынуларды: жараның ұзақ уақыт жазылмауын, қабыну процесін және күнделікті таңу қажеттілігін растайтын құжаттары мен айғақтарын ескерді. Жоспардан тыс тексеру қорытындысы бойынша уәкілетті орган медициналық көмек көрсету кезінде көптеген заңбұзушылықтарды анықтады.
«Ота кезінде міндетті стандарттардың сақталмағаны, отадан кейінгі бақылаудың тиісті түрде жүргізілмегені, медициналық құжаттаманың заңбұзушылықтармен жүргізілгені анықталды: күнделікті жазбалар толық емес, зерттеу нәтижелеріне клиникалық түсіндірме берілмеген, сондай-ақ ота кезінде алынған материалдарды зерттеу туралы мәліметтер жоқ», – деп хабарлады ведомстводан.
Сот шешімі
Ұсынылған дәлелдемелерді зерделей келе, сот медициналық мекеменің кінәсін дәлелденді деп танып, пациенттің талап-арызын қанағаттандырды.
Клиникадан ер адамның пайдасына моральдық зиянды өтеу және материалдық шығынды өндіру ретінде 1,5 млн теңгеден астам қаражат өндірілді.
Еске салайық, бұған дейін «өзім емделемін» деген келіншектің ісігі 25 келіге жетіп, дәрігерлер бірегей ота жасады.
Тағы оқи отырыңыздар:
Қазақстанда операциядан кейінгі жаңа туған нәрестелер өлімі үш есе азайды
Шымкентте дәрігерлер 15 жастағы жасөспірімнің асқазанынан 1 кг шаш түйінін алып шықты