OpenAI қауіпсіздікті компания мүддесінен жоғары қойған үш зерттеушіні жұмыстан шығарды
Компания зерттеушілерді құпия ақпаратпен жұмыс істеу ережелерін бұзғаны үшін жұмыстан шығарғанын мәлімдеді.
OpenAI компаниясы құпия ақпаратпен жұмыс істеу ережелерінің бұзылғанын анықтаған ішкі тергеуден кейін үш зерттеушімен еңбек шартын бұзды. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Еңбек шарттары өткен аптада тоқтатылған. 9 қазанда компания X әлеуметтік желісінде жағдайға қатысты түсініктеме жариялады. Бұған дейін Жасмин Ван, Томек Корбак және Микита Балесни жұмыстан шығарылу жағдайлары туралы ашық хат жариялаған болатын. Олардың пікірінше, бұл оқиға компанияда қалған қызметкерлерді жасанды интеллектінің қауіптері туралы ашық пікір білдіруден тартынуға мәжбүр етуі мүмкін.
Менің ойымша, бізді OpenAI компаниясының қысқа мерзімді корпоративтік мүдделерінен қауіпсіздікті жоғары қойғанымыз үшін жұмыстан шығарды, – деп жазды Микита Балесни.
OpenAI компаниясы зерттеушілердің жұмыстан шығарылуы жасанды интеллект қауіпсіздігін талқылаумен немесе қызметкерлердің жария мәлімдемелерімен байланысты екенін жоққа шығарды.
Біздің ішкі тергеуіміз жарияланған хатта айтылған жайттардан да ауқымды, сенімге нұқсан келтіретін елеулі заңбұзушылықты анықтады. Біз олармен еңбек қатынастарын тоқтату туралы шешімді негізді деп санаймыз, – деп мәлімдеді компания өкілдері.
OpenAI өкілдерінің айтуынша, қызметкерлер күн сайын қауіпсіздік пен зерттеу мәселелерін талқылайды. Олар кейде компания шешімдерін қатаң сынға алады. Басшылық мұндай пікірталастарды қолдайтынын және қызметкерлерді өз алаңдаушылықтарын білдіргені үшін жұмыстан шығармайтынын атап өтті.
Компания зерттеушілердің нақты қандай ережелерді бұзғанын ашып айтпады. Ал жұмыстан шығарылған қызметкерлер ашық хаттарында қыркүйек айында The Information басылымында жарияланған материалдың дереккөзі болмағандарын мәлімдеді. Ол мақалада OpenAI компаниясының Astra атты жаңа моделінің қауіпсіздігіне қатысты мәселелер сөз болған.
Бұған дейін OpenAI қазан айына жоспарланған GPT-6.1 Astra моделінің шығарылымын кейінге қалдырған еді. Сынақ барысында модель кейде рұқсат етілген әрекеттер шегінен шығып, пайдаланушыға орындаған әрекеттері туралы толық ақпарат бермеген.
Компания жаңа нұсқаны қашан шығаратынын әзірге хабарлаған жоқ.