OpenAI мен Apple бірін-бірі коммерциялық құпияны ұрлады деп айыптады
Екі компания 2024 жылдан бері ChatGPT-ті Apple құрылғыларына біріктіру бағытында серіктес болып келген.
OpenAI компаниясы Apple-ге қарсы сотқа қарсы шағым түсіріп, оны коммерциялық құпияларды иемденуге және бәсекелестікке кедергі келтіруге тырысты деп айыптады. Бұл Apple компаниясы ChatGPT әзірлеушісі мен оның бұрынғы екі қызметкеріне қарсы сотқа жүгінгеннен бірнеше ай өткен соң болып отыр.
OpenAI-дің мәлімдеуінше, Apple компанияның бұрынғы қызметкері арқылы әлі жарияланбаған технологиялары мен өнімдеріне қатысты құпия ақпаратты алуға тырысқан. Сонымен қатар iPhone өндірушісі ортақ жеткізушілерге қысым жасап, олардың OpenAI жобаларына қатысуына кедергі келтірген. Компанияның айтуынша, кейбір жеткізушілер Apple-мен арадағы серіктестігін жоғалтып алудан қауіптеніп, OpenAI-мен кездесулерін кейінге қалдырған немесе бірлескен жұмыстан бас тартқан.
OpenAI 28 қарашада Калифорния штатының Сан-Хосе қаласындағы федералдық сотқа қарсы талап арыз түсірді. Ал Apple бұл қадамды компанияның шілдеде бастаған сот ісінің мәнінен назар аударуға бағытталған әрекет деп бағалады. Apple өкілдері өз кезегінде OpenAI қызметкерлері компанияның әлі жарияланбаған технологиялары мен өнімдеріне қатысты құпия ақпаратты әдейі иемденіп, пайдаланғанын мәлімдеді.
Екі компания 2024 жылдан бері ChatGPT-ті Apple құрылғыларына біріктіру бағытында серіктес болып келген. Алайда OpenAI-дің Apple компаниясының бұрынғы бас дизайнері Джони Айвпен бірлесіп жасанды интеллект негізіндегі құрылғы әзірлеуі олардың арасындағы бәсекелестікті күшейтті. Осылайша, бұрын серіктес болған технологиялық алпауыттар енді коммерциялық құпия мен нарықтағы бәсекеге қатысты сот тартысына түсті.