OpenAI бағдарламасы оқушылар мен мұғалімдерге не береді?
Қазақстан OpenAI компаниясы іске қосқан Edu for Countries бастамасына қатысатын алғашқы халықаралық елдер тобының қатарына енді. Бұл жоба OpenAI for Countries жаһандық бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. BAQ.KZ тілшісі аталған бастаманың ерекшелігі неде, ол қандай міндеттерді көздейді және елдің білім беру жүйесі үшін маңызы қандай екенін анықтап көрді.
Бағдарлама өзге ЖИ-жобалардан несімен ерекшеленеді
Edu for Countries бастамасының басты айырмашылығы – оның ауқымы мен мемлекеттік деңгейде енгізілуінде. Бұл жекелеген пилоттық жобалар немесе бірлі-жарым цифрлық сервистер туралы емес, тілдік ерекшеліктерді, оқу стандарттарын, деректер қауіпсіздігі талаптарын және мемлекеттің реттеуші рөлін ескеретін, білім беру саласындағы ұлттық ЖИ-экожүйені қалыптастыру жөнінде сөз болып отыр.
OpenAI бұл бастаманы «ЖИ – инфрақұрылым» қағидатына негізделген деп түсіндіреді. Бұған дейін мемлекеттер интернетті немесе электронды үкімет қызметтерін енгізгені секілді, ЖИ де осындай базалық инфрақұрылым ретінде қарастырылады. Осы тұрғыдан алғанда, білім беру болашақ ұрпақтың жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыратын негізгі алаңға айналады.
Edu for Countries не үшін қажет
Бағдарлама елдер арасындағы технологиялық алшақтықты қысқартуға және жасанды интеллект күнделікті құралға айналатын экономика жағдайына білім беру жүйесін алдын ала бейімдеуге бағытталған. OpenAI ұстанымына сәйкес, ЖИ-ді ерте әрі жүйелі түрде енгізбеген мемлекеттер болашақта кадрлық тапшылыққа, цифрлық теңсіздіктің ұлғаюына және бәсекеге қабілеттіліктің төмендеуіне тап болуы мүмкін.
Edu for Countries аясында оқушылар мен мұғалімдер ЖИ-ді жай ғана пайдаланбайды, онымен саналы түрде жұмыс істеуді үйренеді. Яғни алгоритмдердің қалай жұмыс істейтінін, олардың шектеулері мен жауапкершілігін түсінеді. Бұл – жасанды интеллект әдістемелік негізсіз, бей-берекет қолданылатын модельдерден түбегейлі өзгеше көзқарас.
Қазақстанда нақты не іске асырылып жатыр
Қазақстанның бұл бастамаға қатысуы қазірдің өзінде нақты іске айнала бастады. Ынтымақтастық аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, мемлекеттік және жеке серіктестер мен OpenAI арасында меморандумға қол қойылды. Құжат білім беру мен цифрлық дағдыларды жасанды интеллектті пайдалана отырып дамытуға бағытталған.
Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, алдағы үш жыл ішінде қазақстандық педагогтерге жыл сайын кемінде 165 мың ChatGPT Edu лицензиясын беру жоспарланып отыр. Бұл – деректер қауіпсіздігіне қойылатын талаптары күшейтілген, орталықтандырылған басқаруы бар арнайы білім беру нұсқасы.
Неліктен таңдау ChatGPT Edu-ге түсті
ChatGPT Edu қорғалған білім беру ортасы ретінде ұсынылады. Мұғалімдер арнайы аккаунттар арқылы тегін қол жеткізіп, жабық цифрлық кеңістікте жұмыс істейді. Мектептер мен жоғары оқу орындарының материалдары мен сұраныстары сыртқы ЖИ-модельдерді үйрету үшін пайдаланылмайды. Бұл – жеке және қызметтік деректерді қорғау тұрғысынан аса маңызды.
Орталықтандырылған әкімшілендіру мемлекетке құралды жүйе деңгейінде бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар әкімшілер тек жиынтық статистиканы ғана көреді, нақты сұраныстардың мазмұнына қол жеткізе алмайды. Бұл педагогтердің кәсіби дербестігін сақтауға жағдай жасайды.
Білім беру жүйесі үшін практикалық нәтиже
ChatGPT Edu-ді пайдалану мұғалімнің күнделікті жұмысының едәуір бөлігін автоматтандыруға жол ашады. Сабақ жоспарын әзірлеу, тапсырмалар құрастыру, оқу деректерін талдау сияқты жұмыстарға кететін уақыт шамамен үштен біріне қысқаруы мүмкін, әрі бұл оқу сапасына кері әсер етпейді.
Ең бастысы – бағдарлама тұжырымдамасында жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды. Педагог сабақтың авторы болып қала береді және оқыту мазмұнына толық жауап береді. Ал ЖИ – тек қолдау құралы, яғни мамандықты ығыстыратын емес, көмектесетін цифрлық көмекші ретінде қарастырылады.
Қазақстан үшін стратегиялық мәні
Қазақстанның OpenAI for Countries бағдарламасының алғашқы халықаралық қатысушыларының қатарында болуы – тек білім саласына қатысты жоба емес, елдің кең ауқымды цифрлық стратегиясының бір бөлігі. Бұл – жасанды интеллект цифрлық сауаттылық пен аналитикалық ойлау секілді базалық дағдыға айналатын экономикаға адами капиталды алдын ала дайындау қадамы.
Сонымен қатар бұл бағдарлама Қазақстанға білім берудегі жасанды интеллектті қолданудың қағидалары, этикасы мен үлгілері жөніндегі халықаралық диалогқа қосылуға мүмкіндік береді. ЖИ технологиялары нормативтік реттеуден әлдеқайда жылдам дамып жатқан кезеңде мұның маңызы ерекше.
Осылайша, Қазақстанның OpenAI бастамасына қосылуын білім сапасына, цифрлық тұрақтылыққа және елдің жаһандық технологиялық кеңістіктегі бәсекеге қабілеттілігіне салынған ұзақмерзімді инвестиция ретінде бағалауға болады.