OPEC+ елдері тамыз айында мұнай өндіру көлемін арттырады
Қазақстан да қатысатын альянс тәуліктік өндірісті 188 мың баррельге көбейту туралы шешім қабылдады.
OPEC+ құрамына кіретін жеті ел 5 шілдеде өткен онлайн отырыста тамыз айынан бастап мұнай өндіру көлемін ұлғайту туралы шешім қабылдады. Бұл туралы ұйымның ресми сайтында жарияланды.
Хабарламаға сәйкес, қатысушы жеті мемлекет 2023 жылғы сәуірде жарияланған қосымша ерікті шектеулерге қатысты тәулігіне 188 мың баррель көлемінде өндіруді ұлғайтады.
Ұйым өкілдерінің айтуынша, елдер мұнай нарығындағы жағдайды жіті бақылауды жалғастырады. Соған байланысты қабылданған түзетулер қажет болған жағдайда толық немесе ішінара қайта қаралуы мүмкін.
Кездесу барысында қатысушылар Ынтымақтастық туралы декларация аясындағы міндеттемелерге адал екенін тағы бір мәрте растады. Оның ішінде өндіріс көлеміне қатысты қосымша ерікті міндеттемелердің орындалуын Бірлескен министрлік мониторинг комитеті қадағалайды.
Сондай-ақ альянсқа мүше елдер нарықтағы ахуалды, келісімдердің орындалуын және өтемақы шараларын талқылау үшін ай сайын кездесу өткізуге келісті. Келесі онлайн отырыс 2026 жылғы 2 тамызға жоспарланған.
Қазіргі уақытта OPEC+ құрамындағы аталған жеті елдің қатарында Қазақстан, Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Кувейт, Алжир және Оман бар.