Қопа жағалауында демалыс аймағы пайда болды
Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Көкшенің іргесіндегі Қопа көлінің жағалауын танымал туристік брендке айналдыруға көп күш жұмылдырылуда.
Бұрын қаланың іргесін шайған Қопа көлінің жағасы құлазып жатқандай көрінетін. Серуендеп-сейілдеп барған адамға қолайлы жағдай жоқ-ты. Сонда да, көл үстін көмкерген батар күннің шұғыласына тамсана қарап, тыныстаушылар сирек те болса, көзге шалынатын.
Ал, қазір... Жағалаудағы ауқымды құрылыс әлі толық аяқталмаса да кісі қарасы көп!..
Сатылап салынған ұзын орындықтар, бөлек қойылған жайлы орындықтар, едені қима таспен көркем кілемдей төселген оңаша алаңқайлар, жиі орнатылған самала-шамдар. Осыған қызыққан қаланың кәрі-жасы ондап-жүздеп сол арада жүр.
Жағалау аймағын дамыту жоспарының бірінші кезеңін жүзеге асыруға 1,5 миллиардтан астам қаржы бөлінді. Бірінші кезеңде "Көктем" шағын ауданынан Кенесары көшесіне дейінгі жағалау учаскесі абаттандырылады. Бұл жалпы ауданы 2 шақырымға жуық аумақ. Жоспар бойынша жағалау 7 учаскеге бөлінеді.
Амфитеатр, спорттық жаттығу, балалар ойын алаңдарының құрылыс аяқталып қалды. Баспалдақ бақылау палубасына апарады. Онда демалушылар әдемі ландшафтты тамашалай алады. Сол аймақта кеме моделінде жарықтандырылған пирстер орнатылды. Сондай-ақ, 1,5 мың балаға арналған оқушылар сарайы салынуда. Онда жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізу үшін барлық жағдай жасалады, - дейді мердігер ұйымның басшысы Бекболат Тұрғымбаев.
Әлі жүрер жолы да жасалмаған көлге сұғына орналасқан пирстің ұшар басында жастардың қарасы көп. Вилосипедпен, пениборд скейтбордтарменмен жүйткіп балалар жүр. Жұрт көңілін жадырата түскісі келгендей Қопа да көбікті толқындарын жағаға асықтырады.
Міне, бұл ғажайып көркем құрылыстың әлі аяқталмаған кезіндегі көрініс. Демек, құрылыс бітіп, «тұсауы кесілгенде» бұл тұс қала тұрғындарының жадырап демалар сүйікті орыны болмақ. Жұрттың алдын ала асыға-аптыға қуанып, қайта-қайта барғыштап, жұмысшылар ісінің алға басуына тілеулес болып жүруі соның айғағы.
Қолға алынған жұмыстар ауыз толтырып айтарлықтай. Облыс орталығының тұрғындары мен қонақтары жаңартылған жағажай аймағында серуендей алады. Көкшеде өтетін Ресей мен Қазақстанның өңіраралық форумы алдында бұл көкшеліктерге тамаша сый болып отыр. Жуырда екі күн қатарынан кешке Н.Назарбаев даңғылы бойынан салынған көпір, одан көл жағалай тартылған жол жиегіндегі жаңадан орнатылған шамдар жанды. Шамасы, іске қосылып, кем-кетігі тексерілсе керек. Ал, сол жарықтың қуатын, жан-жадыратар көркін көрсеңіз!.. Еріксіз езуіңе күлкі үйіріліп, көңілің көтеріліп жүре береді, - дейді қаланың байырғы тұрғыны Мұрат Ыдырысұлы.
Енді үстінен екі көпір түскен Қылшақты түбінен қопарылып, тазаланып жатыр. Рас, су аз келген кей жылдары оның бетін қамыс басып, маңайында шыбын-шіркей көбейіп, жайсыздық жайлайтын. Арнасы тазаланып, жиегі жөнделген соң, әрине, өзен түлеп, суы сылдырлап шыға келеді! Бұл да Қылшақтысынан балық аулап, жағалай жүріп тыныстап, жанына серік еткен сырласы үшін қала тұрғындары дән риза.
Бітімі бөлек, еңселі, елеулі ғимарат «Болашақ сарайы», оның жанынан орын теппек ерекше субұрқақ қосылғанда қол соғарымыз кәміл. Қазір алыстау көрінетін шеттегі «Сарыарқа» шағын ауданы анандай жолдар сайрап жатқан соң жап-жақын болып, қала орталығымен біте қайнасып кетпек. Бұрын-соңды болмаған осындай көркем көріністерге қарап Көкшені тамашалауға келетін саяхатшылардың да саны күрт артары сөзсіз,- дейді студент Томирис Дәулетбекова.
Қала тұрғындары қолға алынған алып құрылыстардың ойдағыдай аяқталуын толғана, қуана күтіп, тілектестік білдіруде. Екпінді жүріп жатқан жұмыстар ол күннің алыс еместігін айқындайды.