15 Қыркүйек 2026, 20:30
Фото: Instagram/lenarybakina
«Кез келген жерде жеңіске жетуге шамасы жетеді»: АҚШ пен Ұлыбритания Рыбакинаның тарихи жеңісін қалай бағалады?
Елена Рыбакина US Open жеңімпазы атанып, әлемнің бірінші ракеткасы болды
Қазақстандық Елена Рыбакина әлемдік теннис тарихына енді. Ол Нью-Йоркте өткен US Open турнирінде жеңімпаз атанып, мансабында тұңғыш рет әлемнің бірінші ракеткасы атанды. Рыбакина WTA рейтингінде көш бастаған Қазақстанның алғашқы өкілі болды.
BAQ.KZ АҚШ пен Ұлыбританияның үш бірдей беделді халықаралық спорт журналисімен – CBS телеарнасының «60 Minutes» бағдарламасының тілшісі Джон Вертхейммен, танымал америкалық теннис шолушысы Бен Ротенбергпен және BBC журналисі Джонатан Юрейкомен сұхбаттасып, Рыбакина феноменінің сыры неде екенін, оған әлемнің үздік теннисшісі атануға не көмектескенін, шетелде оның өнерін қаншалықты жоғары бағалайтынын және қазақстандық спортшыдан алдағы уақытта не күтуге болатынын анықтады.
«Оның кез келген жерде жеңіске жетуге шамасы жетеді»
Америкалық спорт журналисі, «60 минут» бағдарламасының тілшісі Джон Вертхейм BAQ.KZ тілшісіне берген эксклюзивті пікірінде Еленаның финалдағы Арина Соболенкоға қарсы ойынын «ерекше» деп бағалады.
«Ол өте сенімді әрі сабырлы ойнады. Кей сәттерде керемет тәсіл жасады, ал өз подачасына сене алмаған кездері ойынының басқа да мықты тұстарын пайдаланды. Екінші сеттен ұтылып қалған соң, ол қайта жиналып, ойынын жандандыра білді. Бұл шынайы кәсіби өнер көрсету болды», – деді сарапшы.
Вертхеймнің пікірінше, қазір Рыбакина әйелдер теннисіндегі басты тұлғалардың бірі болып отыр. Бұл маусымда ол екі Үлкен дулыға титулын – Australian Open мен US Open турнирлерін жеңіп алды, екеуі де хард төсенішінде өтті. 2022 жылғы Wimbledon турниріндегі жеңісін есепке алғанда, енді Рыбакинаның «сатылы түрдегі Үлкен дулығаны» (Career Grand Slam) аяқтауына тек Roland Garros титулы ғана жетпей тұр.
«Оның әлемнің бірінші ракеткасы болғаны мен үшін мүлде таңқаларлық емес. Біз оның күш-қуаты туралы көп айтамыз, бірақ қазір ол шынымен де жан-жақты дамыған теннисшіге айналды», – деді сарапшы.
Америкалық журналист Бен Ротенберг те BAQ.KZ-ке берген пікірінде Рыбакинаның ойын деңгейін өте жоғары бағалады.
«Меніңше, Нью-Йорктегі осы жеңістің арқасында Рыбакина қазіргі уақытта әлемнің үздік теннисшісі мәртебесін шынайы түрде бекітті. Бұл әсіресе, оның жарақатқа байланысты қиындықтарын, сондай-ақ бұған дейін US Open оның Үлкен дулығаның төрт турнирінің ішіндегі ең сәтсіз болғанын ескергенде, ерекше әсер қалдырады. Егер ол Нью-Йоркте жеңе алса, демек, енді оның кез келген жерде жеңіске жетуге шамасы жетеді», – деді Ротенберг.
«Оны адам ретінде тану қиын»
Джон Вертхеймнің пікірінше, спорттағы аса жоғары жетістіктеріне қарамастан, Рыбакинаның АҚШ-тағы танымалдылық деңгейі әзірге оның корттағы жетістіктеріне сай келмейді.