Оңтүстіктен солтүстікке көшу: Бағдарлама жалғаса ма?
Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы қайта пысықталады. Бұл туралы Сенатта өткен Үкімет сағатынан соң Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
БАҚ өкілі Үкімет сағатынан соң Дүйсеноваға "оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы неліктен нәтиже бермеді?" деп сұрады.
Оңтүстіктен солтүстікке көшіргенде ең негізді мәселе ретінде жұмыс орындарының болуына назар аударып отырмыз. Екіншіден, баспанамен қамтамасыз етуді де қарастырып жатырмыз. Әрине, біз ойғандай үлкен көш болмағанымен, қоныс аударған адамдар жұмыспен әрі баспанамен қамтамасыз етіліп, табысты болуы керек, - дейді Тамара Дүйсенова.
Вице-премьердің сөзінше, Үкімет сағатында біраз ұсыныс депутаттар ұсыныс берген, енді сол бойынша тиісті қадамдар жасалады.
Бүгінгі таңда солтүстік өңірлерде жұмыс орындарын көптеп ашуға, бұл өңірлерде ауқымды жобаларға екпін қойылып отыр. Жұмыс орындары арқылы ғана азаматтарды тарта аламыз. Оңтүстік өңірлердегі жұмыссыздарды солтүстік облыстарға тек қоныс аудартқаннан проблема шешілмейді ғой?! Сондықтан экономикалық тұрғыда Үкіметте бұл мәселені тағы пысықтаймыз, - деді Премьер-министрдің орынбасары.