"Оңтүстіктен - Солтүстікке" бағдарламасы сәтсіз жоба ма? – министрлік жауабы
"Оңтүстіктен - Солтүстікке" бағдарламасы толық нәтиже бермесе де, халық санының күрт азаюының алдын алды. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналист "Оңтүстіктікте жұмыс күші көп болса, солтүстіктікте жетіспейді деп айттыңыз. Осы орайда "Оңтүстіктен - Солтүстікке" бағдарламасы нәтиже бермей отырған сыңайлы ма?" деп сауал қойды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов бағдарламаны жетілдіру керегін айтады.
Нәтиже берген жоқ деп кесіп айта алмаймыз. Бірақ бағдарламаны жетілдіру және қосымша жағдай жасау мәселелері қарастырылып жатыр, - дейді Биахметов.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті төрағасының орынбасары Ерболат Абулхатин бағдарламаның қандай нәтиже көрсеткенін былай түсіндірді:
"Солтүстіктен-Оңтүстіктікке" көшу бағдарламасы 10 жыл бұрын басталды. Біріншіден, солтүстіктің халқы жыл сайын азайып жатыр. Олар еліміздің ірі қалаларына немесе шетелге қоныс аударуда. Ал оңтүстіктен келген адамдар сол бос орындарды басып жатыр деуге әбден болады. Себебі, соның арқасында Солтүстік Қазақстан облысының халқы күрт сиреген жоқ. Бұрынғыдай тез азайып жатқан жоқ, динамика төмендеген, - дейді Абулхатин.
Оның айтуынша, қазіргі таңда теріскейге көшемін деген азаматтар өңір туралы жан-жақты ақпаратпен таныса алады. Сонымен қатар әрбір елді мекенде қандай жұмыс орындары барын біліп келеді.
Бүгінгі таңда көшіп барғандарды бейімдеу жұмысына акцент беріліп жатыр, - дейді ол.