Оңтүстіктегі суару жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр

Оңтүстік өңірлерде су беру жұмыстары қолға алынып, бекітілген кестеге сәйкес қатаң түрде жүргізіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

2025 жылғы 5 сәуірде Самарқанд қаласында Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (МСШҮК) 89-отырысы өтті. Отырыста болжамды көрсеткіштер бекітілді: Шардара су қоймасына келетін су көлемі 3,7 млрд текше метр деп күтіліп отыр, "Достық" каналы бойынша су беру лимиті 909 млн текше метр көлемінде белгіленді. Су беру тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында, 30 мамырда Қазақстан–Тәжікстан–Өзбекстан елдері арасындағы үшжақты форматта "Бахри-Точик" су қоймасының егістік науқанының қызған кезеңіндегі жұмыс режимі бекітілді. Нәтижесінде маусымнан тамызға дейін "Достық" каналы арқылы 491 млн текше метр су берілуге тиіс, - деп атап өтті ведомство өкілі.

Айтуынша, қазіргі уақытта су беру кестеге сәйкес жүзеге асырылып жатыр.

Осылайша, вегетациялық кезең ішінде Қазақстан тарапынан трансшекаралық су ресурстарын пайдалану жөніндегі құқықтық мәселелерді реттеуге бағытталған барлық қажетті шара үкіметаралық келісімдер аясында қабылданды. Атап айтқанда, сәуір айында Шардара су қоймасына су келуі бекітілген кестеге сәйкес 1 млрд текше метр көлемді құрады. Қызылорда облысы бойынша суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету жағдайы Сырдария өзені бассейніндегі қазіргі су шаруашылығы жағдайына тікелей тәуелді. Сондықтан сумен қамтамасыз ету бойынша жекелеген тәуекелдер бар, - деді Нұрлан Алдамжаров.

Бұған дейін министр ауа райының күрт өзгерісі су ресурстарына қысым түсіріп отырғанын айтқан еді. Сондай-ақ, Нұрлан Алдамжаров оңтүстіктегі су шаруашылығының жағдайы қалай екенін баяндап берді. Айтуынша, жалпы республика бойынша 12 млрд текше метр суды алу жоспарда бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы