"Оңтүстікте сұраныс бар". Министр Ресей салатын мектептер туралы айтты
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев орыс тілінде білім беретін үш мектепке қанша оқушы сиятынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналист "Еліміздің Түркістан, Тараз және Қызылорда облыстарында орыс тіліндегі мектеп салынады. Бұл мектептерге қанша оқушы қабылдауды жоспарлап отырсыздар?" деп сауал қойды.
Жалпы, бұл зерттелген жұмыс. Бұл өңірлерде аталған мектепке барғысы келетін азаматтардың ұсыныстарын зерделеп, зерттеп көрдік. Үш өңірде соғылатын мектептің сыйымдылығы – 1200 оқушы. Яғни әр өңірдегі бір мектепте 1200 оқушыға арналған орындық болады. Дегенмен, бұл бағытта жұмыс әлі де жүргізіледі. Менің айтып отырғаным алдын ала ақпарат. Ал жалпы сұраныс бар. Мектептің құрылыс жұмысы Ресей тарапының қаржысымен шешіліп отыр. Ал ондағы оқыту жұмыстары мемлекеттік стандарт шеңберінде жүргізілмек. Яғни мемлекеттің бағдарламасы болады, - деді Бейсембаев Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте.
Еске салсақ, Оқу-ағарту министрі еліміздің қанша ауыл мектебінде дәретхана сыртта орналасқанын атап өтті.