Оңтүстік-Шығыс Азияда нөсер жауыннан қаза тапқандар саны 320-дан асты
Оңтүстік-Шығыс Азиядағы жойқын су тасқынынан қаза тапқандар саны кемінде 326 адамға жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Билік құтқару жұмыстарын жалғастырып, жарық пен байланыс желілерін қалпына келтіруде, сондай-ақ судың беті қайтып келе жатқан сайын залал көлемін есептеп жатыр.
Апат Индонезия, Малайзия және Таиландтың үлкен аумақтарын шарпыды: бұл аймақтар циклон әкелген нөсер жауынның астында қалды. Малакка бұғазында да сирек кездесетін тропикалық дауыл қалыптасып жатыр. Шри-Ланка билігі қосымша 46 адамның қайтыс болғанын мәлімдеді.
Индонезияның Суматра аралында жағдай ең күрделі күйінде қалып отыр: 174 адамның қаза тапқаны расталды, 79 адам деп саналады, мыңдаған отбасы баспанасыз қалды. Паданг-Париаман округінде судың деңгейі бір метрге дейін жеткен, ал құтқарушылар кей ауылдарға әлі жете алмаған. Жергілікті тұрғындар азық-түлік тапшылығына шағымдануда: кейбірі судың күрт көтерілуінен үйлерінің жоғарғы қабаттарына көшуге мәжбүр болған. Батанг Тору қаласында тұрғындар үйінді арасынан табылған жеті белгісіз марқұмды жерледі — олар уақытша жасалған ортақ зиратқа қойылған. Билік жолдарды тазарту, байланысты қалпына келтіру және гуманитарлық көмекті жеткізу жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Таиландта су тасқынынан 145 адам көз жұмды, зардап шеккендердің саны 3,5 миллионнан асады. Хатъяй қаласында су деңгейі біртіндеп төмендеп келеді, дегенмен көптеген аудандар әлі де су астында тұрғандықтан жарықсыз отыр. Тұрғындар үйлеріне оралып, келтірілген шығынды есептеп жатыр — кейбірінің мүлкі түгелдей жойылған.
Малайзияда "Сеньяр" тропикалық дауылының салдарынан екі адам қаза тапты. Дауылдың күші азайғанына қарамастан, синоптиктер жаңа жаңбыр, жел және қауіпті толқындар қаупі бар екенін ескертуде. Эвакуациялық орталықтарда шамамен 30 мың адам қалып отыр. Малайзияның сыртқы істер министрлігі апат аймағындағы 25-тен астам тай отелінен 1459 азаматын эвакуациялағанын, тағы 300-ге жуық адамның көмек күтіп отырғанын хабарлады.
Бұл апат соңғы жылдардағы өңірдегі ең ірі табиғи трагедиялардың бірі болып отыр. Билік өкілдерінің бағалауынша, оның зардаптарын жоюға ұзақ уақыт қажет болады.