Оңтүстік Кореяның білім министрі емтихан дауына байланысты қызметінен кетті
Емтиханда электронды құрылғыларды пайдаланып, көшірудің 111 дерегі анықталған. Министр дайындықтың жеткіліксіз болғаны үшін жауапкершілікті өз мойнына алды.
Елдің білім министрі Чхве Гё Джин университетке түсу емтиханында жасанды интеллект көмегімен көшірудің алдын алу шараларына қатысты дау шыққаннан кейін отставкаға кетті. Бұл туралы DW хабарлады.
Оңтүстік Кореяда университетке түсу үшін жыл сайын тоғыз сағатқа созылатын бірыңғай емтихан – сунын өткізіледі. Биылғы сынақ 19 қарашада ұйымдастырылып, оған шамамен жарты миллион адам қатысты.
Емтиханға аз уақыт қалғанда студенттердің бірі бухгалтерлерге арналған басқа сынақта жасырын камера мен жасанды интеллект көмегімен ең жоғары балл жинағанын мәлімдеген. Осы оқиғадан кейін Оңтүстік Корея билігі емтиханда көшірудің алдын алу шараларын шұғыл түрде күшейтті.
Қатысушылардың смартфон алып кірмегені тексеріліп, көзілдіріктері қаралды, Wi-Fi желісі өшіріліп, тіпті киімдегі түймелерге дейін жабысқақ таспа жапсырылған. Алайда кейбір шектеулер емтиханға бір-екі күн қалғанда ғана енгізілген. Бұл қоғамның наразылығын тудырды.
Жағдайды 72 жастағы білім министрі Чхве Гё Джиннің мәлімдемесі одан әрі ушықтырды. Ол жасына байланысты көшіру үшін қолданылатын технологиялардың дамуын бақылау қиынға соғатынын мойындаған.
Емтихан қорытындысы бойынша электронды құрылғыларды пайдалануға қатысты 111 заң бұзушылық анықталған.
Осыдан кейін министр емтиханға дайындықтың жеткіліксіз болғаны үшін жауапкершілікті өз мойнына алып, қызметінен кететінін мәлімдеді.
Емтихан елеулі оқиғаларсыз аяқталды. Дегенмен салалық министр ретінде қоғам тарапынан сынға ұшырауым мүмкін екенін түсінемін: біз алдын ала тиісті деңгейде дайындала алмадық. Емтихан аяқталған соң, толық жауапкершілікті өз мойныма алып, отставкаға кетемін, – деп жазды Чхве Гё Джин.