Оңтүстік Кореяда үш айға жуық іздеуде жүрген қазақстандық ұсталды
Ол Оңтүстік Кореяда көлік жүргізушісі мен жолаушысына қоқан-лоқы көрсетті деген күдікке ілінген.
Оңтүстік Кореяның құқық қорғау органдары көлік ішіндегі екі адамға қоқан-лоқы көрсетті деген күдікке ілінген 21 жастағы Қазақстан азаматын ұстады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол полицияның іздеуінде үш айға жуық уақыт болған.
Аталған жайтқа қатысты ҚР Сыртқы істер министрлігі пікір білдірді.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Ичхон қаласы полициясының Қазақстан азаматын ұстағаны туралы хабардар. Отандасымызға бірқатар құқық бұзушылық, соның ішінде бөтеннің мүлкін бүлдіру, көші-қон режимін сақтамау және автокөлікті пайдалану қағидаларын бұзу бойынша айып тағылып отыр. Қазақстандық дипломаттар бұл мәселені бақылауда ұстай отырып, аталған заматқа консулдық-құқықтық көмек көрсетуде, - деді ҚР СІМ ресми өкілі Жанболат Үсенов редакция сауалына берген жауабында.
Оқиға шілденің 29-ы күні Ичхон қаласында тіркелген. Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, екі жігіт ішінде екі адам отырған көлікті қуып жетіп, оның жолын кескен. Артынша көлік жүргізушісі мен жолаушысына қысым көрсетіп, қорқыта бастаған. Олардың біреуі көлікке қарай секіріп, оны аяғымен тепкен. Бұл әрекеттер бейнетіркегішке жазылып қалған.
Оқиғадан кейін күдіктілердің кім екенін анықтау оңайға соқпаған. Қараңғы уақытта түсірілген бейнежазбадан олардың көлігінің мемлекеттік нөмірін нақтылау мүмкін болмаған. Кейін мамандар нөмірдің бір бөлігін анықтап, әлеуметтік желіде көлігін сатуға шығарған адамның хабарландыруына назар аударған. Осылайша, күдіктілердің бірінің жеке басы белгілі болған.
Тергеу барысында оның Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүрген 21 жастағы қазақстандық екені анықталды. Ол 16 қазанда ұсталған. Екі күннен кейін, 18 қазанда сот күдіктінің тергеуден бой тасалауы мүмкін екенін ескеріп, оны қамауда ұстау туралы шешім қабылдаған.
Қазақстандық жауап алу кезінде оқиғаға қатысты өз түсініктемесін берген. Оның айтуынша, бұған дейін көлігін шетелдік азаматқа сатуды жоспарлаған, бірақ тараптар мәмілеге келе алмаған. Күдікті жәбірленушілер мінген көлікті сол сатып алушыға тиесілі деп қате ойлағанын айтқан.
Ал іске қатысы бар екінші күдікті – 25 жастағы Қазақстан азаматы. Ол осы оқиға бойынша тергеу жалғасқанға дейін Оңтүстік Кореядан депортацияланған.