Оңтүстік Кореяда толассыз жауыннан жеті адам қаза тапты

Оңтүстік Кореяда толассыз нөсерден жеті адам қаза тауып, мыңдағаны эвакуацияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ Yonhap агенттігіне сілтеме жасап.

Табиғи апаттар мен қауіпсіздік шаралары жөніндегі орталық штаб үш адамның жоғалып кеткенін және тағы жетеуі жарақат алғанын мәлімдеді.

Жұма күні Нонсан қаласындағы көшкіннен ғимарат опырылып, екі адам қаза тапты. Орталық Седжон қаласында көшкін салдарынан бір адам қаза тапты.

Оңтүстік-Шығыс Йонджу округінде және Орталық Чхонъян округінде тұрғын үйлер қирап, тағы үш адам қаза тапты. Зардап шеккендердің саны артуы мүмкін.

Бөгет шайылуынан орталық Гесан округінің 6400-ге жуық тұрғыны эвакуацияланды. Бөгеттің жанында орналасқан көптеген ауылдар, сондай-ақ ауылдарды байланыстыратын жолдар мен көпірлер су астында қалды.

13 қала мен округтегі 1567 адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.

Сондай-ақ, қатты нөсер көшкінге ұласып, салдарынан Чонджуда пойыз рельстен шығып кетті. Машинист жеңіл жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Басқа зардап шеккендер туралы хабарланған жоқ. Бүкіл ел бойынша 13 қала мен округте электр қуаты сөніп қалды. Бүгінгі таңда Солтүстік Кёнсан провинциясындағы Мунгён, Йонджу және Йечхонда 8300-ден астам үй жарықсыз отыр.

Су тасқыны егінді шайып, жолдарды су басты. Бүкіл ел бойынша 97 жол жабық тұр. Корея теміржол корпорациясы (KORAIL) барлық тұрақты жолаушылар пойыздарын және елдің орталық аймағына қатынайтын кейбір жүрдек пойыздарды тоқтатты.

Корея метеорологиялық басқармасы оңтүстік Кёнгидо провинциясына, Чхунчхон провинциясына, оңтүстік Канвондо провинциясына, солтүстік Чолла провинциясына және Оңтүстік Чолла провинциясының батыс бөлігінде қатты жаңбыр жауатынын ескертті.

Бейсенбіден бастап Солтүстік Чолла провинциясындағы Иксанда 434,5 мм, ал көрші Кунсанда 426 мм жауын-шашын түскен.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы