Оңтүстік Кореяда коронавируспен күресуге $27,5 млрд бөлінеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Оңтүстік Кореяның Тэгу қаласында коронавируспен күреске бөлінетін қаражат 5 есеге ұлғайды, деп хабарлайды Хабар 24. 

Бұл Кореяда коронавирус алғаш рет анықталған аймақ. Жергілікті дәрігерлер көп ұзамай әлемде індеттің таралуы бәсеңдейді деп болжап отыр. Күн сайын Тэгу қаласының 100-ден астам тұрғынынан коронавирус анықталады. Екі жарым миллионға жуық халқы бар қала үшін бұл үлкен көрсеткіш. Бірақ екі жыл бұрын мұнда тәулік ішінде 500 науқас тіркелетін. Ауруханалар лық толып, медбикелер мен дәрігерлер тапшылығы туындады. Ал билік тұрғындардан үйден шықпай отыруын сұрады. 

Тұрғындар әлеуметтік арақашықтық сақтап, бетперде тақты. Халықтың барлық карантиндік ережелерді бұзбастан, жіті сақтануы көп көмектесті. Екіншіден, біз медициналық қызметкерлер мен төсек-орын санын көбейттік. Вирус мутацияланады. Сондықтан ауыр науқастардың жағдайының нашарлауына жол бермеу және өлімді азайту маңызды. Созылмалы аурулары бар 70 жастан асқан адамдар мүмкіндігінше тезірек вакцинаның бустерлік дозасын алуы керек, - деді Тэгу қаласының коронавируспен күрес басқармасының басшысы Мин Пок Ки.

Бұл емханада жағдайы ауыр науқастарға арналған 15 және жағдайы орташа науқастарға арналған 16 палата бар. Олар 70 және 50 процентке толған. Науқастарды күтетін медбикелер тапшы болатын. Қазір бұл мәселе шешілді. 

Ауыр науқастарды емдеу кезеңі ұзақ болуы мүмкін. Жағдайы жақсарғанына қарай оларды орташа науқастарға арналған палатаға немесе жағдайы нашарласа, жансақтау бөліміне ауыстырамыз. Коронавируспен жеңіл түрде ауырғандар 7-10 күн емделеді. Науқастардың көбеюіне байланысты кадр тапшылығы қатты байқалды. Мәселені шешу үшін біз жаңа кадрларды оқытып, жұмысқа алдық, - деді  аурухананың бас директоры. 

2022 жылы Тэгу қаласындағы ауруханаларда кадрлық мәселелерді шешуге және жаңа жабдықтар сатып алуға 27,5 миллиард доллардан астам қаражат жұмсалады, бұл биылғы жылмен салыстырғанда 5 есе көп. Бұл шаралар індетке қарсы күреске қарқын бермек. 

Жергілікті дәрігерлердің айтуынша, келер жылдың көктеміне қарай әлем бойынша эпидахуал жақсарады. Өйткені COVID-19-ды емдеуге арналған препараттар шыға бастады. Ал бустерлік вакцина Omicron штамынан 100 процент қорғамаса да, аурудың ауыр түрде өтуі мен өлімді азайтады.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы