Оңтүстік Кореяда аптап ыстықтан 16 адам көз жұмды
Оңтүстік Кореяда күннің күрт ысуы салдарынан 16 адам көз жұмды, деп хабарлайды BAQ.KZ Yonhap агенттігіне сілтеме жасап.
Агенттік мәліметінше, мамыр айының ортасынан бастап ыстықтан зардап шеккендерге қатысты арнайы мониторинг жүйесі іске қосылған. Осы уақыт аралығында ел бойынша 2 900-ге жуық адам жедел жәрдем көмегіне жүгінген, оның ішінде 16 адам қайтыс болған.
Науқастардың басым бөлігінде күн соққысы (60,7%) анықталған. Сонымен қатар 16,4%-ы жылу әсерінен ауруханаға түскен, 13,4%-ы жылу құрысуымен, 8,1%-ы жылу синкопымен медициналық көмекке жүгінген.
Мемлекеттік метеорологиялық агенттіктің дерегінше, Сеул 2025 жылдың шілде айында тропикалық түндердің ең көп санын тіркеген. Алдағы күндері ауа температурасы одан әрі жоғарылайды деп болжануда.
Айта кетейік, бұған дейін, 9 шілдеде Reuters агенттігі Еуропаның 12 қаласында аптап ыстық салдарынан шамамен 2 300 адамның қаза тапқанын хабарлаған. Ғалымдар мұндай жағдайларды климаттың өзгеруімен тікелей байланыстырып отыр.
Жаһандық жылыну мен климаттық төтенше жағдайлар күн өткен сайын адамның өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіруде. Мамандар тұрғындарды сақ болуға, ыстық күндері далада ұзақ жүрмеуге және денсаулыққа мұқият болуға шақырады.