Оңтүстік Корея Украинада тұтқынға түскен солтүстіккореялық сарбаздарды қабылдауға дайын
Егер тұтқыннан босатылған солтүстіккореялық сарбаздар Оңтүстік Кореяға көшуді қаласа, Сеул оларды қабылдауға дайын.
Оңтүстік Корея Украинадағы соғыс кезінде тұтқынға түскен Солтүстік Корея әскери қызметкерлерін қабылдауға әзір екенін мәлімдеді. Бұл туралы 23 маусымда Сеулдегі Сыртқы істер министрлігі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, егер тұтқыннан босатылған солтүстіккореялық сарбаздар Оңтүстік Кореяға көшуді қаласа, Сеул оларды қабылдауға дайын.
Айта кетейік, 2025 жылдың басында Ресейдің Курск облысына жіберілген екі солтүстіккореялық әскери қызметкер Украина Қарулы күштерінің қолына тұтқынға түскен болатын. Олар Пхеньянның шешімімен Ресей жағында соғысқа қатысу үшін Украина майданына жіберілген.
Оңтүстік Корея билігі тұтқынға түскен әскери қызметкерлерді Солтүстік Кореяға қайтаруға немесе Ресейге жіберуге қарсы екенін де мәлімдеді.
22 маусымда Yonhap агенттігі Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига келесі аптада Оңтүстік Кореяға баруды жоспарлап отырғанын хабарлаған.
Сапар барысында ол Оңтүстік Кореяның сыртқы істер министрі Чо Хёнмен кездесіп, екіжақты ынтымақтастық мәселелерін және Украинадағы солтүстіккореялық әскери тұтқындардың жағдайын талқыламақ.
Оңтүстік Корея СІМ мәліметінше, тараптар 30 маусым күні Сеулде келіссөз өткізеді.