Оңтүстік Корея Қазақстан экономикасына 8,5 млрд доллар инвестиция салды - СІМ
Бүгінге дейін Оңтүстік Корея Қазақстан экономикасына 8,5 млрд доллар тікелей инвестиция салған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Корея мен Қазақстанның Сыртқы саяси ведомство басшылары кездесуінің қорытындысы бойынша елордада өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Көптеген өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдарымыз (Кореямен – ред.) ұқсас. Әсіресе көпжақты дипломатияда өзара қолдау жолға қойылғанын ерекше ризашылықпен атаған жөн. Сауда мен экономика саласындағы ынтымақтастық та жылдан-жылға қарқынды дамып келеді. Оңтүстік Корея – Қазақстандағы ең ірі 10 инвестордың бірі және Азия құрлығындағы ауқымы жағынан екінші сауда серіктесіміз, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар ол бүгінге дейін екі ел арасындағы инвестиция көлеміне тоқталды.
Осы уақытқа дейін Оңтүстік Корея Қазақстан экономикасына 8,5 млрд доллар тікелей инвестиция салды. 2022 жылы бұл үрдіс жалғасып, оның көлемі 1,5 млрд. долларға жетті. Бұл екіжақты инвестициялық ынтымақтастық тарихындағы ең мол көрсеткіш. Екі мемлекетте де болашақта инвестиция көлемін ұлғайтуға мүдделік бар. Қазақстанда көлік жасау, құрылыс, мұнай-химия, азық-түлік шығару сынды салаларда корейлік бизнестің қатысуымен 740 компания тіркелген. Олар 28 бірлескен ірі жобаны жүзеге асырды, - деді министр.