Оңтүстік Корея әскері Солтүстік Корея маңындағы ауылға бірнеше әуе бомбасын тастады
Оңтүстік Кореяның Әуе күштеріне тиесілі екі KF-16 жойғыш ұшағы оқу-жаттығу кезінде оқу полигонынан тыс 8 бомба тастап, 7 адамды жарақаттады, деп хабарлайды BAQ.KZ Yonhap агенттігіне сілтеме жасап.
Шамамен таңғы 10:00-де Сеулден 40 шақырым солтүстікте орналасқан Почхон қаласында бір снаряд тұрғын үй маңындағы жолға құлағаны туралы хабар түскен. Оқиға салдарынан 7 адам жеңіл және ауыр жарақат алды. Сондай-ақ шіркеу мен 6 ғимарат қиратылды.
Өрт сөндіру қызметінің мәліметінше, екі адам ауыр жарақат алған, көбінесе сүйек сыну жағдайлары тіркелген. Алайда жарақат алғандардың барлығы есін біледі. Сонымен қатар жүк көлігі де зақымданған. Барлық жарақат алғандар ауруханаға жеткізілді.
Әскери шенеуніктердің айтуынша, KF-16 жойғыш ұшақтары оқу-жаттығу кезінде Почхондағы оқу полигонынан тыс жерде әрқайсысы төрт MK-82 бомбасын "қалыптан тыс" тастаған.
Оңтүстік Кореяның Әуе күштері бұл оқиғаға байланысты тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Тергеуді штаб бастығының орынбасары, генерал-лейтенант Пак Ки-Ван басқарады.
Бұл оқиға салдарынан зардап шеккен бейбіт тұрғындар үшін кешірім сұраймыз және жараланғандардың тезірек сауығып кетуін тілейміз. Біз барлық қажетті шараларды, соның ішінде келтірілген залал үшін барлық өтемақыны тез арада төлеп береміз, – делінген Әуе күштерінің мәлімдемесінде.
Осыған дейін Оңтүстік Корея мен АҚШ бірлескен оқу-жаттығулар өткізіп, алдағы көктемгі әскери жаттығуларының алдында Солтүстік Кореяның әскери қауіп-қатеріне қарсы күш көрсеткен.
Бұл жаттығу Почхондағы Сынджин полигонында, екі Корея арасындағы шекарадан 25 шақырым жерде өтті. Оған 160-тан астам әскери техника, соның ішінде K2 танкілері, K55A1 өздігінен жүретін гаубицалары, Apache тікұшақтары және F-35A жойғыш ұшақтары жұмылдырылды.