Оңтүстік аймақта су тапшылығы қатты сезіліп отыр - министр
Оңтүстік өңірде егіс алқаптарын сумен қамтамасыз ету қалай жүргізіліп жатқаны белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова бүгінгі Үкімет отырысында мәлімдеді.
Соңғы жылдары суармалы егіншілігі дамыған еліміздің оңтүстік аймақтарында су тапшылығы қатты сезіліп отырғаны белгілі.
Министрлік биыл вегетациялық кезеңнің тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін 2022 жылдың желтоқсанынан бастап дайындық жұмыстарын бастады.
2022-2023 жылдардың вегетацияаралық және вегетациялық кезеңдеріндегі жұмыс жоспары бекітілді. Соның аясында қазіргі уақытта келесі бағыттарды қамтитын сыртқы және ішкі іс-шаралар іске асырылуда, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Айтуынша, ең алдымен фермерлерді суармалы сумен және жоғарғы ағыста орналасқан су қоймалардан қосымша су жіберуді қамтамасыз ету бойынша іргелес мемлекеттермен жұмыс жасау қарастырылған.
Бірінші бағыт бойынша, 10 мамырда Душанбе қаласында Мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы қомиссиясының 84-ші отырысы шеңберінде Нарын-Сырдария су қоймалары каскады жұмысының болжамды режимі келісілді, соған сәйкес Шардара су қоймасына вегетациялық кезеңде келетін су 4,2 млрд метр кубты құрауы тиіс. «Достық» каналы бойынша 920 млн метр куб көлемінде су беру жоспарланған. Қазіргі уақытта жоспарланған су жіберу кестесі толық көлемде орындалмауда, осыған байланысты Министрлік бекітілген кестеге сәйкес келетін суды қамтамасыз ету бойынша контр-серіктестермен жұмыс жүргізіліп жатыр, - деді министр.