"Оңтүстік" әскерилерінің "қарулары" әлсіз емес
Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері Тараз қаласының көшелерін санитариялық залалсыздандырудың жаңа әдісімен тазартуды бастады. Енді олар қоғамдық орындарды хлор ерітіндісімен дезинфекциялап қана қоймай, жуып жүр.
Алдымен арнайы ARS-14KZ автоматтарының көмегімен көшелерге дезинфекциялаушы ақ көбіктер шашыратылады. Содан соң соңынан келе жатқан сарбаздар оны щеткамен жайып, шаяды.
Әскерилер бүгін осындай дезинфекциялық шараны қаланың көрікті орындарының бірі – «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің аумағынан бастады. Бірінші кешеннің жаяу жүргіншілер аймағы тазартылды.
Залалсыздандыру жұмыстарына өңірдегі қолбасшылықтың радиациялық, химиялық және биологиялық қорғауын ұйымдастыратын 22534 әскери бөлімінің жеке құрамы қатысты.
Біздің бөлімшенің жабдықтары мен арнайы құралдары жаппай қырып-жою қаруын қолданудың салдары мен залалын анықтауға және бағалауға, аймақтарды, әскери нысандар мен құрылыстарды залалсыздандыруға арналған. Алайда дәл қазіргі таңда біз қаланы залалсыздандыру үшін технологиямызды да, білімімізді де, дайындығымызды да салуға дайынбыз. Өйткені бүгінде бұл – ең маңызды міндет. Қауіпті дерттің біздің қаламызда пайда болуы мен таралуын барынша болдырмауымыз керек, - дейді бөлім командирі, майор Тайыр Сағынғанов.
Айта кетерлігі, әскерилердің қолданысындағы дезинфекциялық құрал Shield деп аталады. Оның құрамында хлормен бірге, бактерияға қарсы заттар бар. Тротуарға себілген химиялық ерітінді тұрғындарға ешқандай қауіп төндірмейді, десе де сапалы дезинфекциялайтындығы айтады мамандар.
Біз қолданып жүрген дезинфекциялық құрал қала тұрғындары үшін өте қауіпсіз. Өйткені, ол қоғамдық орындарға себілетіндіктен негізгі талапқа сай, адамдарға, жануарларға және қоршаған ортаға зияны тимеуі тиіс. Егер бұл талапқа сай келмесе, ерітінді пайдалануға берілмес еді, - деп сендіреді 22534 әскери бөлімінің командирі.
Аталған бөлімінің әскери қызметшілері Тараз көшелерін залалсыздандыру шараларын жалғастыруға ниетті. "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Қайдар Қарақұловтың сөзінше, барлық гарнизондарында осындай жұмыстар жүргізілуде.
Біз мұны қажет болғанша орындаймыз. Бұл біздің азаматтық және әскери борышымыз деп білемін. Ендігі міндетіміз де азаматтарымыздың денсаулығын сақтауға бағытталады, - деді генерал-майор.