«Оңтүстік аңыздары» Сауранда түйінделді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы, Сауран қалашығында «Оңтүстік аңыздары» тақырыбындағы «Nomad Explorer» республикалық туристік экспедициясын қорытынды күні әрі жабылу салтанаты өтті. Бұл туралы Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі мәлімдеді.
Жалпы экспедиция мүшелері 22-26 сәуір аралығында Ақмешіт үңгірі, Домалақ ана кесенесі, Аппақ ишан мешіті, Қазығұрт тауы, Ақбура әулие, Ғайып ерен Қырық шілтен, Қажымұқан мұражайы, Отырар қалашығы, Арыстан баб кесенесі, Үкаш ата, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Сауран қалашығы және өзге де тарихи орындарды аралап, өңірдің таңғажайып табиғатына тамсанды.
Экспедицияға бизнес-құрылым, зиялы қауым өкілдері, отандық шоу-бизнес жұлдыздары, туризм мамандары, саясаткерлер, ақпарат саласының өкілдері және өзге де сала өкілдерінен құралған барлығы 700-ден астам адам қатысқан болатын. Еліміздің барлық өңірлерінен бөлек Үндістаннан да қонақтар келді. Айтулы саяхатқа Түркістан облысы туризм және сыртқы байланыстар басқармасы да қолдау көрсетті.
Экспедицияның қортынды күні тарихы тереңде жатқан Сауран қалашығында өтті. Мұнда Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Тайқазан» гастрономиялық фестивалі ұйымдастырылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы іс-шарада қазақтың көкпар, аударыспақ, қазақ күресі, асық ату, садақ ату және өзге де спорт түрлерінен сайыстар өткізілді. Түркістандық азаматтар сәйгүліктері мен құмай тазыларын, түйелерін әкеліп, зергерлік және қолөнер бұйымдары жәрмеңкесін өткізіп, саяхатшыларға ұлттық салт-дәстүрімізді паш етті. Әншілер қазақтың танымал әндерін шырқады.
Көпшілік қауым тарихы тереңде жатқан Сауран қалашығын аралап, шежіресімен танысты. Сонау орта ғасырларда салынған қамал қабырғаларының биіктігі 3-6 метрге дейін жетеді. Бұл қамал республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізілген.
Саурандағы арнайы әзірленген сахнада таңнан кешке дейін мәдени-концерттік бағдарламалар толастаған жоқ. Жиында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, экспедиция жетекшісі Марғұлан Сейсембаев «Оңтүстік аңыздары» тақырыбындағы саяхат өте қызықты өткенін және Түркістан облысының туристік әлеуеті мол екенін айтты. Сондай-ақ «BI Group» холдингінің басшысы Айдын Рахымбаев көпшілікке уақытты тиімді пайдалану, табысқа жету жөнінде шағын семинар өткізді.
Кеш соңы «The Soul of Nomad» атты этникалық музыка фестивалімен жалғасын тауып, мұнда қазақтың дәстүрлі әндері шырқалып, күйлері шертілді.