19 Қыркүйек 2026, 20:55 Фото: istockphoto.com

Оңтүстік Африкада маймыл шешегі таралып жатыр

13 жағдай соңғы бес аптада тіркелген.

Оңтүстік Африка Республикасында соңғы бес аптада mpox (маймыл шешегі) ауруының 13 жағдайы тіркелді. Жыл басынан бері елде аурудың 18 жағдайы расталып, тағы бір жағдай күдікті деп танылды.

ОАР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері 17 қыркүйекке дейін елде mpox жұқтырудың 18 расталған және бір ықтимал жағдайы тіркелген.

Оның ішінде 15 жағдай Батыс Кейп провинциясында, негізінен Кейптаунда, үш жағдай Гаутенг провинциясында және бір жағдай Квазулу-Наталда анықталған.

Ведомствоның хабарлауынша, 13 жағдай 13 тамыз бен 17 қыркүйек аралығында тіркелген. Денсаулық сақтау министрлігінің бағалауынша, бұл вирустың тез таралып жатқанын көрсетеді.

Науқастардың жасы 23 пен 50 жас аралығында. Расталған жағдайлардың 17-сі ер адам, біреуі әйел.

Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен елге MVA-BN вакцинасы мен тековиримат препаратының шектеулі көлемі жеткізілгенін хабарлады. Олар індеттің таралуын бақылау үшін пайдаланылмақ.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, mpox – Poxviridae тұқымдасына және Orthopoxvirus туысына жататын mpox вирусы қоздыратын вирустық ауру.

Аурудың жиі кездесетін белгілеріне дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, бел мен бұлшықеттердің ауыруы, лимфа түйіндерінің ұлғаюы, әлсіздік, қалтырау, дірілдеу және желшешекке ұқсас терідегі күлбіреуіктер жатады.

Вирус жұқтырған жануарлардан, соның ішінде кеміргіштерден, сондай-ақ инфекция жұқтырған адамдардан берілуі мүмкін.

Ауру жұқтырған адамның терісіндегі бөртпелермен, биологиялық сұйықтықтармен, сондай-ақ бөртпелермен жанасқан киім, төсек-орын, сүлгі және басқа да заттар арқылы жұғуы мүмкін.