Оңтүстік Африкада екі жаппай атыстан 27 адам қаза тапты
Полиция атыстардың себептерін анықтап жатыр.
Оңтүстік Африкада бірнеше сағаттың ішінде екі жаппай атыс болып, 27 адам қаза тапты. Тағы 26 адам жарақат алды.
ВВС-дің хабарлауынша, Йоханнесбург маңындағы барға сенбі кешінде сегіз қарулы адам басып кіріп, келушілерге оқ атқан. Салдарынан 17 адам қаза болып, 15 адам жарақат алды. Полицияның мәліметінше, қаза тапқандардың 13-і ер адам, төртеуі әйел. Зардап шеккендердің арасында Эфиопия мен Лесотодан келген азаматтар да бар.
Полиция Гаутенг провинциясындағы атыстың нақты себебін әзірге анықтаған жоқ. Алдын ала нұсқалардың бірі – тонау. Сонымен қатар полиция заңсыз тау-кен жұмыстарымен айналысатын топтар арасындағы аумақ үшін қақтығыс болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Қарулы адамдар оқиғадан кейін екі көлікті өртеп, қашып кеткен.
Жексенбіге қараған түні Кейптаун маңындағы елді мекенде тағы бір атыс болды. Көңіл көтеру орнының сыртында қарулы адамдардың шабуылынан 10 адам қаза тауып, 11 адам жараланды. Қаза болғандардың бесеуі оқиға орнында, тағы бесеуі ауруханада көз жұмған.
Екі шабуыл бойынша да жексенбі таңертеңге дейін күдіктілер ұсталған жоқ. Полиция атыстардың себептерін анықтап жатыр.
Оңтүстік Африкада қарулы зорлық-зомбылық пен ұйымдасқан қылмыс мәселесі өзекті болып отыр. Елде атыстар көбіне есірткі саудасы мен заңсыз тау-кен жұмыстарымен айналысатын қылмыстық топтар арасындағы қақтығыстарға байланысты болады.