"Онсыз іс өнбейді". Ринат Зайытов орталық құруды ұсынды
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов материалдық емес мәдени мұрамызды жүзеге асыратын орталық керегін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заңнан бұрын алдымен материалдық емес мәдени мұраның не екенін анықтап алайық. Халық ауыз әдебиеті, яғни жыр, терме, айтыс материалдық емес мәдени мұраның бір тармағы ғана. Ең үлкен материалдық емес мәдени мұра – ол біздің шежіреміз. Одан кейін қазақтың жыл санағы, ай санағы, уақыт өлшемі, ұзындық өлшемі. Бізде қарыстан бастап ит өлген жерге дейінгі өлшем бар. Сағаттың, айдың өз атауы бар. Аптаның өз атауы бар, - деді депутат.
Зайытов осы жоғарыда аталғанның барлығы біздің материалдық емес мәдени мұрамыз екенін атап өтті.
Ал өнер тармағы ол бөлек. Енді менің ұсынысым: заң керек. Оны барлығы айтып жатыр. Енді министрліктермен тікелей жұмыс істейтін комитет не агенттік керек. Онсыз іс өнбейді, бәрі өтірік болады. Материалдық емес мәдени мұрамызды жүзеге асыратын орталық керек. Содан кейін мұны арнайы қаржыландыратын қор керек. Тағы бір мәселе – маман даярлау. Бұл күрделі мәселе. Себебі қазір материалдық емес мәдени мұраны сақтап жүрген адамдардың көбінің мамандығы жоқ. Бәрі ауылда. Оларды университетке, мектепке жұмысқа кіргізе алмайсың, - деп депутат “Кәсіби біліктілікті арттыру туралы” заңды пайдаланып, осындай мамандарды жұмысқа алып, олармен жұмыс істеу керегін айтты.
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті “Материалдық емес мәдени мұраны қорғауды заңнамалық қамтамасыз ету туралы” тақырыбын талқылап жатыр.