16 Қазан 2026, 17:34 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Онлайн тапсырыспен келген тағам: Қауіпсіздік үшін нені ескеру керек?

Тағамға интернет арқылы тапсырыс бергенде оның бағасы мен жеткізу жылдамдығына ғана емес, дайындалу, сақтау және тасымалдау жағдайына да мән берген жөн. Астана қаласының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Айгүл Шағалтаева дайын асты қабылдағанда нені ескеру керегін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мобильді қосымша арқылы түскі немесе кешкі асқа тапсырыс беру күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналды. Уақытты үнемдеуге мүмкіндік беретін бұл қызметті пайдаланғанда тағам қауіпсіздігін де естен шығармаған абзал. Маманның айтуынша, тағамды дайындау, сақтау және тасымалдау кезінде санитариялық талаптардың бұзылуы улануға және ішек инфекцияларына әкелуі мүмкін.

Сатушы туралы ақпаратты тексеріңіз

Ең алдымен, тапсырыс беретін қоғамдық тамақтану орны туралы мәліметке назар аудару қажет. Қосымшада немесе сайтта оның атауы, мекенжайы мен байланыс нөмірі көрсетілуі керек. Әдемі сурет, жеңілдік немесе жоғары рейтинг таңдаудың жалғыз өлшемі болмауға тиіс.

«Сатушы туралы нақты ақпарат болмаса, басқа орыннан тапсырыс берген дұрыс, - дейді Айгүл Шағалтаева.

Тапсырысты рәсімдемес бұрын тағамның құрамымен танысқан жөн. Әсіресе белгілі бір өнімге аллергиясы бар адамдар негізгі тағаммен қатар тұздықтар мен қосымша ингредиенттердің құрамын да нақтылап сұрауы қажет. Сондай-ақ өнімнің дайындалған уақыты, жарамдылық мерзімі және сақтау шарттары туралы ақпаратты тексеру маңызды.

Қаптама мен температураға мән беріңіз

Тағам жеткізілгенде қаптамасының бүтіндігін тексеріңіз. Ыдыстың қақпағы дұрыс жабылып, ішіндегі тағам төгілмеген болуы керек. Қаптама ластанған, бүлінген немесе ашылған болса, оны суретке түсіріп, жеткізу қызметіне не сатушыға хабарласқан жөн.

Маман тағамның температурасына да назар аударуға кеңес береді. Ыстық күйінде жеткізілетін ас пен салқындатуды қажет ететін өнімдердің тасымалдау жағдайы әртүрлі. Сондықтан жеткізу ұзаққа созылып, тағамның тиісті температурада сақталғанына күмән туындаса, оны тұтынуға асықпау керек. Әсіресе ет, балық, сүт өнімдері, дайын салаттар мен кремі бар кондитерлік өнімдерге мұқият болған дұрыс.

«Жағымсыз иіс, түсінің өзгеруі немесе көгеру байқалса, тағамды жеуге болмайды. Дегенмен сыртқы түрі мен иісінің қалыпты болуы оның толық қауіпсіз екенін білдірмейді. Күмәнді тағамның жарамдылығын дәмін татып тексеруге тырыспаңыз», – деп ескертеді бас мемлекеттік санитариялық дәрігер.

Дайын асты ұзақ сақтамаңыз

Тамақтанар алдында қолды сабындап жуу қажет. Жеткізілген асты бөлме температурасында ұзақ қалдыруға болмайды. Бірден тұтынбайтын жағдайда сақтау шарттарына сәйкес тоңазытқышқа салып, көрсетілген жарамдылық мерзімін сақтау керек.

Тапсырыстың электрондық чегін, нөмірін және сатушымен хат алмасуды да сақтап қойған жөн. Тағам сапасына қатысты мәселе туындаса, бұл мәліметтер жағдайды нақтылауға көмектеседі.

Ал тамақтанғаннан кейін жүрек айну, құсу, іштің ауыруы немесе іш өту байқалса, медициналық көмекке жүгіну қажет.

Айгүл Шағалтаеваның айтуынша, онлайн тапсырыстың қолайлылығы тағам қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды өзгертпейді. Сатушы туралы ақпаратты тексеру, жеткізілген астың қаптамасы мен температурасына назар аудару және сақтау шарттарын орындау денсаулықты қорғауға көмектеседі.