Онлайн сатып алу бас ауруға айналды: Тұтынушылар неден жиі зардап шегеді?
Алматылықтар көбіне қандай мәселеге тап болады, сапасыз тауар алса не істеу керек және ақшаңызды қайтарудың жолы қандай?
Қазақстан тұтынушыларының ұлттық лигасы» РҚБ президентінің орынбасары Василий Романовский тұтынушылардан түсетін шағымдардың басым бөлігі электронды саудаға қатысты екенін айтты. Оның сөзінше, құрылыс саласына қатысты арыздар да көп, алайда олардың саны маусымға байланысты өзгеріп отырады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Шағымдардың 90 пайызы электронды саудаға қатысты
Романовскийдің айтуынша, қазіргі кезде тұтынушылардан келіп түсетін өтініштердің негізгі бөлігі электронды коммерция саласына тиесілі.
Қазір өтініштердің басым бөлігі электронды коммерцияға қатысты. Бұл жай ғана негізгі сала емес, шын мәнінде барлық шағымның шамамен 90 пайызы осы бағыттан келеді. Адамдар қарапайым дүкеннен бір нәрсе сатып алып, кейін мәселе туындады деп өте сирек жүгінеді, - деді ол Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, онлайн саудадағы ең күрделі бағыттардың бірі - электроника тауарлары.
Электрониканы толық тексеру қиын. Оның сипаттамалары мен сапасының мәлімделген талаптарға сәйкес келетінін бірден анықтау әрдайым мүмкін емес. Көп жағдайда адам қаптаманы ашып, зауыттық пломбаны шешкеннен кейін тауарды қайтару мүмкіндігі қиындайды. Сондықтан мұндай жағдайда тұтынушылардың құқығын қорғау да оңай емес, - деді сарапшы.
Құрылыс материалдарына қатысты арыз көбейген
Спикер құрылыс саласына қатысты өтініштер де жиі түсетінін атап өтті. Әсіресе қазір құрылыс материалдары мен жөндеу жұмыстарына байланысты мәселелер көбейген.
Соңғы уақытта құрылыс материалдарын сатып алу, тұрғын үйді әрлеу және жалпы құрылысқа қатысты мәселелер бойынша өтініштер көбейді. Бірақ бұл маусымға байланысты өзгереді. Қыста және күздің соңында мұндай шағымдар азаяды, - деді ол.
Сапасыз тауар алсаңыз, алдымен сатушымен байланысыңыз
Романовский сапасыз тауар сатып алған тұтынушылар бірден сотқа жүгірмей, алдымен сатушымен мәселені шешуге тырысуы керек екенін айтты.
Бірінші қадам - сатушымен өзіңіз байланысу. Егер ол жауап бермесе немесе байланысқа шықпаса, маркетплейс менеджерлерімен сөйлесуге тырысу қажет, - деді ол.
Оның сөзінше, егер бұл әрекеттер нәтиже бермесе, келесі қадам - сотқа дейінгі талап жолдау.
Сотқа дейінгі талап қалай жазылады?
Сарапшының айтуынша, Қазақстанда тұтынушылық дауларды сотқа жеткізбей шешу тетігі бар.
Алдымен сотқа дейінгі талап жазылады. Оны заң нормаларын толық білмесеңіз де өзіңіз жаза аласыз. Қарапайым тілмен жағдайды сипаттап, кімге бағытталғанын көрсетіп, қол қойып, күнін жазу жеткілікті, - деді Романовский.
Ол талапты дұрыс тапсыру маңызды екенін атап өтті. Егер келісімшартта электронды пошта көрсетілсе, хатты оқылғаны туралы хабарламамен жіберу қажет. Ал ресми мекенжай ғана болса, тапсырыс хатпен жолдау немесе екі дана етіп қол қойдырып тапсыру керек.
Неліктен WhatsApp арқылы жіберуге болмайды?
Сарапшы мессенджер арқылы жіберілген хабарламалар кейін дәлел ретінде әлсіз болатынын ескертті.
WhatsApp-та екі көк белгі тұрғанымен, бұл сотта немесе тұтынушылар құқығын қорғау департаментінде жеткілікті дәлел болып саналмайды. Сондықтан ресми байланыс арналары қолданылуы керек, - деді ол.
10 күн ішінде жауап болмаса не істеу керек?
Егер кәсіпкер немесе компания 10 күн ішінде жауап бермесе, тұтынушы мемлекеттік органдарға жүгіне алады.
Егер 10 күнтізбелік күн ішінде жауап болмаса, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне шағымдану қажет. Бұл жағдайда Әкімшілік кодекстің 190-бабы бойынша құқық бұзушылық қаралады, - деді Романовский.
Оның айтуынша, барлық шағымдар кейіннен e-Otinish жүйесі арқылы рәсімделеді. Ал егер компания жауап беріп, бірақ тұтынушы келіспесе, мәселе медиация немесе азаматтық сот арқылы шешіледі.
Соңғы қадам - сотқа жүгіну
Сарапшының сөзінше, егер барлық тетіктер қолданылып, нәтиже болмаса, азамат өз құқығын сотта қорғауға құқылы.
Егер жауап теріс болса немесе мәселе шешілмесе, медиацияға жүгінуге немесе азаматтық талап арыз беруге болады. Сол кезде құқықтық алаңда өз мүддеңізді қорғау қажет болады, - деп түйіндеді ол.