Онлайн оқыту, оқушы мен педагогке біржолғы сыйақы: «Білім туралы» заңға тағы қандай өзгерістер енгізіледі?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарап жатыр.

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Ләззат Сүлеймен «Білім туралы» заңға бірқатар түзету енгізілетінін айтты.

«Ұлттық білім беру дерекқоры» ақпараттық жүйесінің білім беру саласындағы әкімшілік және өзге де деректерді жинауға, өңдеуге және талдауға, сондай-ақ басқа ақпараттандыру объектілерімен ақпараттық өзара іс-қимыл жасауды қамтамасыз ету және ақпараттандыру объектілеріндегі дербес деректерді жинау, өңдеу және қорғау бойынша  бағыты айқындалады, - деп атап өтті ол.

Сонымен қатар заңда онлайн оқытуды енгізуге бағытталған түзетулер бар. Одан бөлек, колледждерге академиялық дербестік беру көзделіп отыр.

Жоғары оқу орындарының білім беру сапасын арттыру, сондай-ақ олардың қоғам, мемлекет, студенттер, ата-аналар қоғамдастығы алдындағы жауапкершілігін күшейту мақсатында жаңа жоғары оқу орындары үшін лицензияның және қосымшалардың, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған жоғары оқу орындары үшін олар кадрлар даярлаудың жаңа бағыттарына лицензия қосымшаларын алған кезде 5 жылдық қолданылу мерзімін енгізу көзделеді, - дейді сенатор Ләззат Сүлеймен.

Оның сөзінше, лицензиясынан айырылған білім беру ұйымдары студенттерді оқуын жалғастыру үшін басқа жоғары білім беру ұйымдарына ауыстыруды және олардың жеке істерін тапсыруы тиіс.

Соңғы үш жылда жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың және халықаралық конкурстар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне жоғары білім білім беру ұйымдарына грант беру арқылы қабылау шарттары реттеледі. Сонымен қатар «Педагог мәртебесі туралы» заңға, жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпазын, жүлдегерін дайындаған педагогке бюджет қаражаты есебінен біржолғы сыйақы-көтермелеу қаралып отыр, - деп толықтырды сенатор.

Бұған дейін сенатор ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу үшін есепке қою мерзімі қысқартылатынын айтқан болатын.

Сонымен қатар Сенатта заң жобасы аясында балаларды буллингтен қорғау мәселесі де қаралып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы