Онлайн-несие: қарыздың қамытынан кімдер қорғалады?

Қазақстандықтардың арасында онлайн-несие алушылар саны күн санап артып келеді. 2024 жылдың өзінде электронды түрде берілген шағын несие көлемі 1 трлн теңгеге жеткен.

Жаңбырдан кейін шыққан саңырауқұлақтай қаптаған цифрлық несиелендірудің көбеюі салдарынан Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тарапынан бақылау да күшейді. Ведомство "салқындату кезеңін" енгізіп, шағын несие ұйымдарын қадағалауды нығайтып, қарыз алушыларды қорғаудың қосымша шараларын енгізіп жатыр. BAQ.KZ тілшісі қаржы нарығындағы жаңа ережелер, үрдістер мен тәуекелдерді зерттеп көрді.

Онлайн-несие көлемі өсу үстінде

2024 жылы қазақстандықтар 1 триллион теңге сомасына онлайн-шағын несиелер рәсімдеген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп. Айта кетерлігі, ол екі жыл бұрын 900 миллиард теңгені құраған. Осылайша, онлайн-несие беру көлемі 4%-ға артқан.

Заң микроқаржы ұйымдарына электронды түрде қарыз беруге мүмкіндік береді, ол несиелеу ережелерін құзыретті орган бекіткен.

Онлайн-несиені кімдер алады?

Онлайн-шағын несиелерді алатын қарапайым борышкердің портреті өңірлер бойынша сипатталады. Агенттіктің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, ондай несие түрін орта есеппен 34-37 жастағы адамдар алады. Ең «жас» борышкерлер – Шымкент қаласы мен Ақтөбе облысында. Аталған мекендерде олардың орташа жасы – 34 жас.

Онлайн-шағын несие алған борышкерлердің орташа жасы өңірлерге байланысты өзгереді. Алматы қаласы, Түркістан, Алматы, Ақмола, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында ол шамамен 35 жасты құрайды. Астанада, Қарағанды, Қызылорда, Жамбыл, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Абай, Жетісу және Солтүстік Қазақстан облыстарында – 36 жас. Шымкент пен Ақтөбе облысында – 34 жас. Жоғары орташа жас Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарында – 37 жас, - деп жауап берді ведомстводан.

BAQ.KZ

Несие белсенділігінің қарқыны

Ұлттық банктің сайтындағы "Несие портфелінің құрылымы мен сапасы туралы мәліметтер" бөлімінде жарияланған ақпаратқа сәйкес, екінші деңгейлі банктердің несие портфелінің көлемі 2025 жылы 1 қаңтардағы 35 835,1 млрд теңгеден 1 маусымда 37 865,2 млрд теңгеге дейін ұлғайған.

Банкаралық несиелер көлемі осы кезеңде қаңтарда 176,1 млрд теңгеден маусымда 167,6 млрд теңге аралығында болған. "Кері РЕПО" операцияларының сомасы 296,4 млрд теңгеден 424,8 млрд теңгеге дейін артқан.

Несиедегі ең көп меншікті салмақты әлі күнге қаржылық емес заңды тұлғалар алған несиелер иеленіп отыр. Оның көлемі қаңтарда: 13 748,2 млрд теңгеден маусымда 14 205,5 млрд теңгеге дейін жеткен.

Несиені төлеу мерзімін кешіктірген жағдайда не болады?

Несиені төлеу мерзімін кешіктірген жағдайда кредит беруші борышкерге 10 күн ішінде қарыз сомасы мен міндеттемелерін орындамаған жағдайдағы салдарды көрсетіп, ескертуі керек.

Борышкерден қарызды реттеу туралы өтініш түскен кезде кредит беруші оны бекітілген тәртіпке сәйкес қарауға және дәлелді шешімді ұсынуға міндетті. Қарыз төленбесе, реттеу талаптары бойынша келісімге қол жеткізілмесе, кредит беруші қарызды сотқа дейінгі реттеуге және коллекторлық агенттікке реттеуге ұсынуға; соттан тыс өндіріп алу шараларына жүгінуге; қарызды сотпен өндіріп алуға бастама жасауға; егер бұл шартта қарастырылса, соттан тыс тәртіппен кепілді өндіріп алуға жүгінуге құқылы, - деп түсіндірді ведомстводан.

Осы орайда, тұрақсыздық айыбы шектеулі: алғашқы 90 күн ішінде – күніне 0,5%-дан аспайтын сомада, әрі қарай – күніне 0,03%, ал жалпы бір жыл ішінде – қарыз сомасының 10%-дан аспайтын сомасында болуға тиіс. Қосымша тұтынушылық несие бойынша пайыз қосуға тыйым салынған.

Сонымен қатар жеке тұлғаларға келісімшарт бойынша қосымша қорғаныс құралдары бар: тұтынушылық несие бойынша – төлеу мерзімін 90 күнтізбелік күннен артық кешіктірсе, кредиторға несиеге қызмет көрсету бойынша сыйақы, айыппұл, комиссия мен өзге де төлемдерді есептеуге тыйым салынады. Мұндай тыйым 180 күнтізбелік күннен асқан кешіктірілген несие кезінде күшіне енеді, - деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

Коллекторлар: шағым, айыппұл және қылмыстық жауапкершілік

Коллекторлар азаматтардың наразылығын тудырып келеді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне қарыз алушылар коллекторлық агенттіктердің әрекеттеріне үнемі шағыммен жүгінеді.

Агенттікке банк несиесі мен шағын несиелер бойынша қарызды өндіріп алуды жүзеге асыру кезіндегі коллекторлық агенттіктердің әрекеттеріне қатысты жеке тұлғалардан шағымдар жиі түседі. Негізгі шағымдардың арасында – моральдық қысым көрсету, қорқыту мен қарыз алушылардың құқығын бұзатын өзге де жол берілмейтін әрекеттер бар, - деп атап өтті ведомстводан.

Коллекторлардың жұмысында заңсыздықтар анықталған жағдайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі заңнамаға сәйкес шара қолданады.

Ведомствоның мәліметінше, жауапкершілікті күшейту мен дұрыс әрекет етпеудің алдын алу мақсатында айыппұл көлемі де өскен. Коллекторлық қызмет туралы заңды бұзғандарға салынатын әкімшілік айыппұл көлемі екі есеге артты.

Одан бөлек, борышкерлер мен олардың өкілдеріне жүгінген кезде заңсыз әрекет жасаса, агенттік қызметкерлеріне де жеке жауапкершілік жүктеледі.

МҚҰ қадағалау: жүздеген тексеріс пен лицензиядан айыру

2024 жылдың басынан бері Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі шағын несие ұйымдарының қызметін толықтай бақылауды күшейті. Осы кезеңде 24 жоспарлы, 24 жоспардан тыс және 278 құжаттық тексерістер жүргізілген.

Нәтижесінде жазбаша бұйрық түрінде 86 шектеу шаралары қолданылды, 219 млн теңге сомасына 751 айыппұл салынды, - деді агенттіктен.

Сондай-ақ 39 шағын несие ұйымдары заңнаманы бұзғандары үшін лицензияларынан айырылған. Олардың ішінде, 17-і – мәжбүрлі түрде лицензиядан қағылды. Тағы 20 МҚҰ қызметі тоқтатылды.

Жаңа ереже: "салқындату кезеңі" мен әлсіз топтарды қорғау

Азаматтарды алаяқтық пен ойланбай жасалған әрекеттерден қорғау мақсатында заңнамаға бірқатар түзетулер енгізілді. Агенттіктің мәліметінше, Қазақстан Республикасының "Кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" заңында келесі шаралар қарастырылған:

Біріншіден, кепілсіз онлайн-қарыздарды рәсімдеу кезінде енді "салқындату кезеңі"деп аталатын кезең енгізіледі. Бұл шартқа қол қойылғаннан кейін қарыз 24 сағаттан ерте емес уақытта, яғни қарыз алушы өзінің келісімін растағаннан кейін ғана берілуі мүмкін дегенді білдіреді.

Бұл талап саналы қаржылық шешімге уақыт беруге бағытталған – қарыз алушы қарыздың қажеттілігін қайта қарастыруға, шарттарды салыстыруға, жақындарымен немесе мамандармен кеңесуге мүмкіндік алады, - деп хабарлады агенттіктен.

Екіншіден, азаматтардың жекелеген санаттары, бұлар – 21 жасқа дейінгі жастар және 55 жастан асқан азаматтар қосымша келісімнен кейін ғана кепілсіз қарыз ала алады. Мұндай шара алаяқтық жағдайларын азайтуға бағытталған.

Алаяқтық кредиттерді талдау қаржылық сауаттылық деңгейінің, несие алу тәжірибесінің жеткіліксіздігіне байланысты алаяқтықтарға ең жиі тап болатындар 21 жасқа дейінгі және 55 жастан асқан адамдар екенін көрсетеді, - деп атап өтті агенттіктен.

МҚҰ стандарттары мен басшыларына қойылатын талаптар

Микроқаржы ұйымдарына кадрлық талаптарды күшейтуі ықтимал. Агенттіктен мәлім еткендей, қаржы нарығын реттеу мен дамыту бойынша заң жобасы аясында МҚҰ басшыларына қосымша талаптар енгізілуі мүмкін. Бұл банк секторында жұмыс істейтін мамандарға қойылатын талаптарға ұқсайды.

Атап айтқанда, басшылық қызметке үміткерлер профильдік салада, сәйкес лауазымда және бекітілген мерзімде белгілі бір еңбек өтіліне ие маман болуы міндетті.

Одан басқа, "мінсіз іскерлік бедел" түсінігі де кеңейтіледі. Бұл басшылық қызметке бұрынғы жұмыс орнында белгілі бір әрекеті немесе әрекетсіздігі үшін қаржы ұйымын банкроттыққа ұшыратқан және мәжбүрлі түрде таратуға әкелген тұлғаларды тағайындауды болдырмас үшін жасалады.

Қазақстанда онлайн-несие беру жылдам қарқынмен дамып келеді. Алайда реттеу шаралары да қатар өсіп келеді. Қаржылық қызметтерді белсенді цифрландыру жағдайында реттейтін негізгі міндет – тұтынушылар құқығын қорғау мен шағын қаржы нарығына қатысушылардың адалдығын қамтамасыз ету болып қалады.

Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жеке тұлғаларға онлайн-несие беруде жаңа шектеулер енгізілетінін айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы