"Онлайн дүкенге сене бермейді": Депутат маркетплейстерден қауіптенетіндер туралы айтты
Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов интернет арқылы сауда жасау қолайлы болғанымен, кей адамдар онлайн дүкенге әлі де толық сене бермейтінін айтып, онлайн сауданы дамытудың перспективалары туралы мәселе көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Онлайн сауданың шағын бизнес өкілдеріне зор мүмкіндік беретінін жақсы түсінеміз. Яғни шағын бизнеске дүкен ашпай-ақ, арендаға алмай-ақ, витриналарға қосымша ақша жұмсамай, нарыққа шығуға және сатып алушыларды табуға мүмкіндік береді. Шығын азайып, табыс табуға жағдай жасалады. Қарапайым тұрғындар үшін де онлайн тапсырыс беру өте ыңғайлы. Қажетті затты үйден шықпай-ақ сатып алып, уақыт үнемдеуге болады. Алайда интернет арқылы сауда жасау қолайлы болғанымен, кей адамдар онлайн дүкенге әлі де толық сене бермейді. Интернет алаяқтықтан қауіптеніп, көпшілігі әлі күнге дейін тауарды көзбен көріп, қолмен ұстап алғанды қалайды. Мұны да түсінуге болады. Осыған орай онлайн сауданы дамытудың қандай перспективаларын көріп отырғаныңызды білгім келеді, - деді Мархабат Жайымбетов.
Мәжілістің жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі – Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин депутаттың сауалына жауап берді.
Жалпы айтқанда, 2020 жылдан бастап салыстырғанда қазіргі уақытта электронды сауда көлемі 7 рет ұлғайды. 476 млрд теңгеден 3,2 трлн теңгеге дейін. Қазіргі уақытта электронды сауданың біздің сауда-саттық көлеміндегі үлесі 14,1 пайызға жетті. Бұл өте маңызды сегмент. Біз қазір шетелдік платформаларды мониторинг жасағанда, Гугл салық бар ғой, онда біздің тізімімізде 104 компания бар. Сол себепті электронды сауды-саттықтың болашағы өте зор. Бірақ жұмыспен қамту саласында елеулі өзгерістер күтілмейді. Себебі жаңа жұмыс орындарын құру мұнда көзделмеген. Мысалы, декларация тапсырғанда мүмкін қызметкерлердің саны аздап артуы мүмкін, бірақ біз жұмыспен қамтамасыз етуді көп күтпейміз, - дейді ол Мәжілісте.