Онкоуролог: Бүйректің қатерлі ісігі кезінде химиотерапия қауқарсыз

Бүйрек – адамның ең нәзік әрі маңызды ағзасы. Қан құрамын сүзіп, артық суды сыртқа шығаратын мүше істен шықса, өмірге қауіп төнері анық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Елде бүйректі қалай емдейтіні туралы Ұлттық ғылыми онкология орталығының онкоуролог дәрігері Талғат Құрмановпен сұхбаттасқан болатын.

- Қазір бүйректің ісігін қалай емдейсіздер?

- 5 жылдан астам уақыттан бері біз бүйректің ісігі кезінде ағзаны сақтап қалатын отаны жасауға тырысамыз. Ол үшін негізінен азинвазивті емдеу әдісін қолданамыз. Толығырақ түсіндіріп өтсем, бұл отапышақсыз, тесу арқылы ғана жасалатын ота. Хирургтің ассистенті бейнекамераны троакар арқылы ұстап тұрады. Ассистентті өз арамызда «камерамен» деп атаймыз. Осылайша, ағзаны бақылап отырамыз. Мұндай ота Жапония, АҚШ, Оңтүстік Корея секілді елдерде жасалады.

- Орталықтарыңызда осындай қанша ота жасалды?

- Айта кетерлігі, ағза сақтайтын оталар екі түрге бөлінеді: ашық және лапароскопиялық. Қазірші уақытта біз 80-ге жуық лапароскопиялық ағза сақтау отасын жасадық. Орталығымыз мұндай ота жасаудан үлкен тәжірибе жасады. Бұған дейін, өкінішке қарай, тек ашық оталар жасалды. Отаны әдетте екі адам – хирург және ассистент жасайды, бірақ бұл бүкіл операциялық бригада команда болып жасайтын жұмыс.

- Азинвазивті әдістің негізгі басымдығы қандай?

- Бұрын дәрігердің алдында өмірді сақтап қалу міндеті ғана тұратын. Ал отадан кейінгі өмір сапасы екінші орынға ығысатын. Қазір пациенттің өмір сұру сапасына да үлкен назар аударамыз. Азинвазивті әдістің көмегімен отадан соң адам бұрынғы қалыпты өмір сүру салтын жалғастыра береді. Оның үстіне, отадан кейінгі асқыну қатері аз. Материалдық шығын да азырақ. Бізде пациенттер орта есеппен бөлімшеде 3-5 күн ғана жатады.

Егер ашық және лапароскопиялық отаны салыстыратын болсақ, ашық отадан соң пациент стационарда бір апта немесе 10 күн, кейде одан да көп жатады. Оңалту бір айға не одан да көп уақытқа созылады. Азинвазивті ота кезінде пациент отадан соң екі апта өткенде жұмысқа шыға алады. Яғни оңалту мерзімі біршама қысқарады.

- Бүйрек обырын ерте сатыда анықтау мүмкін бе?

- Өкінішке қарай, бүйрек ісігін адамдар ең соңғы сәтке дейін сезбей жүре беруі мүмкін. Аурудың белгісі білінбейді. Сол үшін ерте диагностикадан өту маңызды. Пандемия кезінде қанша адам коронавирусты анықтау үшін КТ-тексерістен өткен соң құрсақ қуысы ағзаларындағы қаншама ісікті анықтады. Былтыр пациенттердің 50%-дан астамы бізге солай келді.

- Химиотерапия туралы не айтар едіңіз? Бүйрек ісігіне шалдыққандарға әдетте қандай болжам жасалады?

- Бүйректің қатерлі ісігі үшін химиятерапияның күші жоқ. Әлемде бұл жағдайда химиотерапия да, сәулелік терапия да қолданылмайды. Проблеманы тек ота жасау арқылы шешеді. Ал қатты асқынған жағдайларда таргетті ем жүргізіледі.

Ал бүйректің қатерсіз ісігі кезінде химиятерапияны қолдануға болады. Біздегі статистикалық деректерге сәйкес, отадан соң бірінші жылы рецидив орын алмады. Ауру 3-5 жыл өткен соң ғана қайталануы мүмкін. Ондай жағдайлар кездесті, бірақ көп емес, 2-3% ғана. Сол үшін пациенттерімізге тоқсан сайын тұрғылықты жері бойынша онкологтың тексеруінен өткен абзал.

- Бірақ кейде адамдарға ағзаны ауыстыру қажет болады...

- Орталығымызда 2011 жылдан бері 500-ден астам бүйрек трансплантациясы жасалды. Бақытқа орай, мен осы бағдарламаға қатыстым. Донордың бүйрегін алып науқасқа салдық. Бұл бүйректің созылмалы ауруының 5-сатысында, яғни бүйрек мүлдем жұмыс істемеген кезде жасалады. Онкоурология саласында трансплантация жасамадық. Тікелей трансплантация жасалатын бүйректе ісік анықталған жайттар кездесті. Ол кезде арнайы радиожиілікті абляцияны, резекцияны қолданып, сол бүйректі сақтап қалуға тырыстық.

- Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы