Онкологияны емдейтін дәрілердің COVID-19-ға әсері барын байқадық - дәрігер
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы Онкологиялық орталығының директоры Нұрсұлтан Ізмағамбетов онлайн брифинг барысында қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға берілетін ауыр дәрілердің коронавирус инфекциясына әсері барын жеткізді.
Біз науқастарымыздың иммунитетін көтеру үшін ауыр препараттар беріп, химия терапия жасаймыз. Бір қызығы ондай ем қабылдағандар арасында коронавирус жұқтырғандар санаулы. Шетелдік дәрігерлердің жазған мақалаларын саралай отырып, бұл препараттардың жаман аурумен қоса коронавирусқа да әсері барын білдік. Азаматтарды бұл ауыр дәрілермен емделуге шақырып отырғаным жоқ, бұл тек біздің байқағанымыз, - дейді дәрігер.
Брифинг барысында директор орталық пандемия жағдайына қарамастан емдеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын жеткізді.
Жыл басынан бері біз 7 мыңнан астам науқасты емдедік. Оның ішінде 1 мыңнан аса ота жасалған. 5,5 мың адам химия терапия курсынан өткен. Тағы бес жүзден астам адам жаңадан қойылған аппарат арқылы сәулелі терапия алған, - дейді ол.
Сонымен қатар, ол басты міндет - науқастардың дертін ертерек анықтау екенін айтты. Бұл еліміздегі барлық емхананың алға қойған мақсаты.
Адамдардың барлығы емханаға тіркелген және учаскелік терапевті бар. Егер адамдар денсаулығына қатысты шағым болғанда уақытылы қаралып тұрса, ол жерде диагноз қойылып, бұл жаман ауруды ертең кезеңінде анықтауға болады. Мәселен, Алматыда жыл сайын жаман ауру белгісі бар 4 мыңнан аса адам анықталады. Науқастардың 5 жылдық өмір сүру деңгейі 53%-ға жетіп отыр. Бұл аурудың дер кезінде анықталып, ары қарай тиімді ем қабылдағаннан болып отыр, - дейді Ізмағамбетов.
Дегенмен уақыт өткізіп алып, аурудың 4 кезеңінде келетіндер де бар екен. Олар науқастардың 10% құрайды. Ондай науқастар құлан-таза жазылып кетпесе де, орталықта сәуле, химия терапия қабылдап, өмірлерін ұзартуға мүмкіндік алады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Денис Теннің ісін қараған судья қайтыс болды
Өзгелердің жаңалығы