3 Қараша 2026, 11:41 Фото: pharmnews

Онкологиядан диабетке дейін: Қазақстанда жаңа дәрі зауыттары салынады

Алматы мен Алматы облысында жаңа фармацевтикалық кешендер салынып, Қарағанды мен Шымкентте өндіріс көлемі ұлғаяды.

Қазақстанның қай өңірлерінде жаңа фармацевтикалық зауыттар салынып, дәрі-дәрмек өндірісі кеңейтілетіні белгілі болды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, Алматы қаласында үш инвестициялық келісім аясында жалпы құны 134 млрд теңге болатын фармацевтикалық зауыттар салу жоспарланып отыр.

«Nobel» компаниясы 53 түрлі дәрілік препарат пен биологиялық препарат өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр. Ал «РОМФАРМ» компаниясы қабынуға қарсы және микробқа қарсы 101 түрлі препарат, «АлтИНФАРМ» компаниясы онкологиялық аурулар мен қант диабетін емдеуге арналған 54 түрлі дәрілік зат шығармақ. Қазір үш инвестициялық жоба бойынша да жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр, – деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ Алматы облысында үш инвестициялық келісім аясында жалпы құны 175 млрд теңге болатын фармацевтикалық кешендер салу көзделген.

«Хан Тенгри» компаниясы онкологиялық және сирек кездесетін ауруларды емдеуге арналған 27 түрлі дәрілік препарат өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр. «Абди Ибрагим» компаниясы вирустық және басқа да жұқпалы ауруларды емдеуге арналған 76 түрлі препарат шығармақ. Ал «Степ Фармасьютикалс» компаниясы толық өндірістік цикл бойынша 20 түрлі дәрілік зат өндіретін кешен салуды жоспарлап отыр. Қазір «Хан Тенгри» және «Абди Ибрагим» компанияларының инвестициялық жобалары бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр, – деп нақтылады Ақмарал Әлназарова.

Министр Қарағанды фармацевтикалық кешенінің өндірістік қуаттарын жаңғырту есебінен 76 түрлі дәрілік зат өндіру жоспарланып отырғанын да айтты. Ал Шымкентте «Химфарм» компаниясы өндірісін кеңейтіп, дәрі-дәрмектің 81 түрін шығаруды көздеп отыр.